«Даму» қоры жеңілдетілген несие беру шеңберінде кәсіпкерлерді қолдайтын жаңа «Өрлеу» бағдарламасын әзірлеген болатын. Бағдарлама аясында 750 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу көзделген, оның 300 млрд теңгесін Қор бөледі, ал 450 млрд теңгесін екінші деңгейлі банктер бірлесіп қаржыландырады. Бағдарламаға микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Қаражат келесі мақсаттарға беріледі: инвестициялық жобаларға – 7 млрд теңгеге дейін және айналым қаражатын толықтыруға – 3,5 млрд теңге.
Түркістан облысында «Даму» қоры арқылы 200-ден астам азамат өз кәсібін бастады. «Даму» Қоры – Ұлттық экономика министрлігі және «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен жаңа «Өрлеу» бағдарламасын іске қосты.
Жобаның мақсаты — экономиканың басым секторларында кәсіпкерлікті жеңілдетілген несиемен қолдау. Бұл туралы Түркістан облысындағы «Даму» қорының директоры Мұғазан Нұрмаханұлы баяндады.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына және Үкіметтің 2025 жылғы 2 сәуірдегі Қаулысына сәйкес, кәсіпкерлікті қаржыландырудағы негізгі кедергілердің бірі — кепілзаттың жеткіліксіздігі мәселесін шешу мақсатында екі жаңа кепілдік құралы енгізілді. Енді кәсіпкер банктен несие аларда кепілзат жетпеген жағдайда төмендегідей қолдау ұсынылады. Кепілдік қоры шеңберінде шағын, орта және ірі бизнес нысандары қатыса алады. Негізгі шарттары – кепілдік берілетін жоба аясында қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспайды. Кепілдіктің ең жоғары мөлшері — қаржыландыру сомасының 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспауы тиіс. Ал кепілдік мерзімі — 5 жылға дейін. Бұл жеңілдіктер – ауыл, орман және балық шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі, электр және жылу энергиясы, сумен жабдықтау, сауда, көлік және қоймалау, туризм, ақпарат және байланыс, жылжымайтын мүлік, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, мәдениет, өнер, ойын-сауық бағытында кәсіп бастағысы келетін азаматтар үшін қарастырылған. Биылғы жылдың басынан бері Қор арқылы 200-ден астам азамат өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бұл мақсатта 3,5 млрд теңге қаржы жұмсалды. Егер де өзінің бизнес идеяларын жүзеге асырғысы келетін жандар болса Қордың облыстағы бөлімшесіне келіп мамандардан кеңес ала-алады, - деді Мұғазан Нұрмаханұлы.
Қазақстанда «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылған 2025 жылдың басынан бастап, биылғы 1 шілдеге дейінгі аралықта:
340 жобаға 176 млрд теңге жеңілдікпен несие берілді.
«Өрлеу» – экономиканың басымдық берілген салаларында жұмыс істейтін микро-, шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы.
Бағдарламаға өңірлердің экономикасы мен дамуы үшін маңызды басым салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер қатыса алады. Олардың негізгілері:
Өңдеу өнеркәсібі – тамақ, киім және қағаз өндірісінен бастап электроника, жиһаз және тіпті автомобильдер шығаруға дейін.
Ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы – соның ішінде тұқым өңдеу және егін жинаудан кейінгі қызмет түрлері
Қалдық жинау және қайта өңдеу – экология және ресурстарды қайта пайдалануға жарату үшін жұмыс істейтіндерді қолдау
Көлік және логистика – тасымалдаудың барлық түрлері: авто, теміржол, су және қалалық маршруттар, сондай-ақ қойма қызметтері
Қонақ үйлер мен жатақханалар – тұрғын-жай ұсыну, қысқа мерзімге жалға беру, кемпингтер және тіпті студенттік қалашықтар
Жылжымайтын мүлік операциялары – соның ішінде жалға беру және қоймаларды басқару
Білім – мектептер, курстар, оқу орталықтары
Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер – денсаулық сақтау мекемелері мен күндізгі күтім орталықтары.