ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Рейтинг
11.08.2025, 10:48
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖИҺАЗ ӨНДІРІСІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Елімізде жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Салада жаңа кәсіпорындар көптеп ашылып, өндіріс ошақтарының отандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі арта түсуде. Ел көлемінде тұрғын үй құрылысы жылдан-жылға белсенді жүргізілуіне байланысты оның негізгі жабдығы – жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары болып отыр.

 

Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Бұл ретте Түркістан қаласы бүгінде рухани-мәдени орталық болумен қатар, өндірістік әлеуеті жоғары, экономикасы дамып келе жатқан орталыққа айналды. Әсіресе жиһаз өнеркәсібі бойынша өңір республика көлемінде жетекші орынға шығып отыр. Жыл сайын қалада жүздеген мың дана жиһаз өнімдері өндіріліп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің өзге өңірлеріне және шетелдік нарықтарға да экспортталуда. Бұл – қала кәсіпкерлерінің тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.


Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһардағы жиһаз өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорындарды аралап, өндіріс барысымен танысты. Қала басшысы «Идеал Туркестан» ЖШС, «LIDER GROUP» ЖК және «ASIA BREND» мекемелеріне арнайы барып, өндірістік үдерісті көзбен көріп, жұмысшылармен және кәсіп иелерімен пікір алмасты. «Идеал Туркестан» ЖШС – қаладағы ең ірі жиһаз өндірушілердің бірі. Жылына 200 000 дана дайын өнім шығаратын кәсіпорын 3 гектар аумақта орналасқан. Қазіргі таңда 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылдық қаржылық айналымы – 1,8 млрд теңге. «LIDER GROUP» ЖК – жылына 80 000 дана жиһаз өндіріп, 1,55 млрд теңге көлемінде қаржы айналымын қамтамасыз етіп отыр. 0,55 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорында 60-70 азамат еңбек етеді. Компания өнімдерінің басым бөлігі жоғары сұранысқа ие. «ASIA BREND» мекемесі де аймақтағы ірі өндіріс ошақтарының бірі. 1,5 гектар өндірістік аймақта орналасқан кәсіпорын жылына 22 000 дана жиһаз өнімін шығарады. Мұнда 150-ге жуық адам тұрақты түрде еңбек етіп, 1,1 млрд теңге көлемінде қаржылық айналым қалыптастырып отыр. Аталған кәсіпорындардың барлығы бүгінде толық қуатта жұмыс істеуде. Бұл — Түркістандағы индустриялық дамудың нақты көрсеткіші. Қала әкімі өндіріс орындарының жұмысын жоғары бағалап, өңірлік экономиканы нығайтудағы үлестерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктерді тиімді пайдалану арқылы өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын баса айтты. Жалпы, Түркістан қаласында кәсіпкерлікті қолдау мен өндірісті дамыту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Қала әкімдігі тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, өндірістік аймақтарды дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканың тұрақты дамуына және халықты жұмыспен қамтуға берік негіз болмақ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биылдың өзінде елімізде жиһаз өндірісі бойынша төрт ірі жоба іске қосылды. Жалпы, 2025 жылға дейін жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібінде тағы 12 жобаны іске асыру жоспарланған.

Жиһаз өнімдерін өндіру көлемі өткен жылы 72 млрд теңгені құрады, бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 12%-ға жоғары (64,3 млрд теңге). Өндіріс негізінен металл қаңқасы бар арнайы отыруға арналған жиһаз тауарларына – 72%-ға, 2 млн данаға дейін, жатын бөлмеге арналған ағаш жиһаздарына (кереуеттер мен шкафтардан басқа) – 22,5%-ға, 40 мың данаға дейін өскен.

Кейінгі жылдары жиһаз саласының жұмыс істеп тұрған шаруашылық жүргізуші субъектілері санының артқаны байқалады. Мәселен, 2022 жылы 2020 жылмен салыстырғанда сала кәсіпорындарының саны – 34%-ға, 1 402 бірлікке дейін өсті, оның 1 393-і жекеменшік негізінде жұмыс істейтін шағын кәсіпорындар (99,3%).

 

Сұхбат

PhotoRoom