2025 жылғы 3 қыркүйекте Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Анар Қанатқызы Әлжанованың қатысуымен балалар мен жасөспірімдер ортасында буллингтің алдын алу шараларына арналған брифинг өтті.
Судьяның айтуынша, 2022 жылдан бастап «буллинг» ұғымы Қазақстан заңнамасына енгізіліп, балаларға қатысты жүйелі қудалау, қорқыту және кемсіту әрекеттері, соның ішінде интернеттегі кибербуллинг те осы түсінікке жатқызылған.
2024 жылғы 16 маусымнан бастап буллинг пен кибербуллинг үшін елімізде әкімшілік жауапкершілік белгіленді. ӘҚБтК-нің жаңа 127-2-бабына сәйкес, құқық бұзушылық алғаш рет тіркелсе — ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады, ал қайталанған жағдайда — 30 АЕК көлемінде айыппұл көзделген.
Жасөспірімдер мен ата-аналарға жауапкершілік жүктеледі
Анар Әлжанованың айтуынша, буллинг әрекеттеріне барған 12–15 жас аралығындағы балалар үшін жауапкершілікті ата-аналар көтереді. Ал 16 жастан бастап жасөспірімдер әкімшілік жауапкершілікке өздері тартылады. 12 жасқа дейінгі балаларға қатысты тәрбиелік ықпал ету шаралары ғана қолданылады.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап ата-аналардың жауапкершілігі де күшейтілді. Егер балаға қауіпсіз орта қамтамасыз етілмесе, ата-анасына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл талап буллингке тап болған баланың ата-анасына да қолданылуы мүмкін.
Мектептердегі жаңа міндеттер:
Білім беру ұйымдарының педагогтеріне енді буллинг фактілерін жасыруға болмайды. Мұндай жағдайларды құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл талаптар мектептердегі ашықтықты арттыруға және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Арнайы бағдарламалар іске қосылуда
Брифинг барысында судья елімізде буллингтің алдын алу мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда:
- отандық «ДосболLIKE» бағдарламасы 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектептерде кезең-кезеңімен енгізіле бастайды;
- халықаралық деңгейде тиімділігін дәлелдеген финдік KiVa бағдарламасы Нұр-Сұлтандағы бірнеше мектепте пилоттық түрде жүзеге асырылуда;
- медиация қызметтері мен татуласу кеңестері мектептерде кеңінен енгізілуде.
Буллингтің салдары ауыр болуы мүмкін
Анар Әлжанова буллинг тек әкімшілік құқық бұзушылық ретінде емес, кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке де алып келетінін атап өтті. Егер буллинг ауыр салдарға — мысалы, суицидке себеп болса, кінәлі тұлғалар 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Көмек алуға болатын арналар:
- мектеп әкімшілігі мен психологтары;
- ювеналды полиция;
- 111 нөмірлі тәулік бойы жұмыс істейтін Балалар сенім телефоны;
- Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты.
Судьяның пікірінше, буллингпен күрес тек заңмен шектелмеуі керек. Бұл бағытта ата-аналар, мұғалімдер, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар және жалпы қоғам бірлесіп әрекет етуі қажет.