04.09.2025 в 10:09

Ұлытау облысында мектеп оқушыларының тамақтану стандарттары талқыланды

3 қыркүйекте Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Орынай Амантайқызы Жұбатова мектеп оқушыларының тамақтану стандарттары туралы мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, білім беру ұйымдарындағы оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру бірқатар санитариялық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Бұл талаптар балалардың өсіп келе жатқан ағзасына қажетті сапалы, қауіпсіз және теңгерімді тағаммен қамтамасыз етуге бағытталған.

2025 жылғы 4 наурыздағы ҚР Денсаулық сақтау министрінің №16 бұйрығына сәйкес, мектеп асханаларындағы мәзір санитариялық нормаларға сай болуы шарт. Тамақтандыру үдерісінде оқушылардың жас ерекшеліктері мен мектепте өткізетін уақыты ескеріледі. Әр оқу маусымына арнайы төрт апталық мәзір жасалып, күн сайын соған сәйкес тағам дайындалады.

Сондай-ақ, асханалардың санитариялық жағдайы қатаң бақылауға алынады. Тағамдардың сапасы мен қауіпсіздігіне өндірістік бақылау жүргізіледі. О.А. Жұбатова дайын тағамдардың екі сағаттан артық сақталуына жол берілмейтінін, ал бір күннен қалған астың қайта пайдаланылуына мүлдем тыйым салынғанын атап өтті.

Брифинг барысында ата-аналардың да бұл үдерісте маңызды рөл атқаратыны айтылды. Балалардың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыру үшін үй жағдайындағы ас мәзірі де мектептегі салауатты тамақтану қағидаттарына сай болуы қажет.