15.10.2025 в 11:12

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ ЕЛ САЯСАТЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТЫ

 Қазақстанда туристік саланың әлеуетін дамыту үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде туристік ірі жобалардың басым бөлігі түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін иеленген Түркістан қаласында жүзеге асуда. Түркістанды ірі туристік орталыққа айналдыру көзделген.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Бәйдібек қаған» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесті. Түркістан облысында туризм саласына да басымдық берілуде. Салаға инвестор тарту, өңірдегі тарихи және киелі орындарды жүйелеу, туристік соқпақтарды көбейту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Бәйдібек қаған» қоғамдық қорының өкілдерімен кездесті.

 Кездесу барысында Бәйдібек ауданының туризм саласына инвестиция тарту, киелі орындар мен кесенелер маңын абаттандыру мәселесі қаралды. Сонымен бірге ауданда туристер мен зияратшылар үшін қонақүй салу, туристік инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жауаптыларға тиісті тапсырмалар беріліп, ұсыныстар бақылауға алынды.

Айта кетейік, Түркістан облысында туризм саласында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Орналастыру орындарының, демалыс аймақтарының, сауықтыру кешендерінің саны артып, туристер легі көбейген.

         Биылғы жартыжылдықта орналастыру орындарында 151 мың турист демалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға жоғары. Сондай-ақ 2025 жылдың 8 ай қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға 123,2 мың адам келген, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29,5%-ға жоғары. Бұдан бөлек, тарихи орындарға 736,3 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7 %-ға артып отыр. Аталған бағытта негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі биыл 36,9 млрд. теңгеге жетіп, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 36,4%-ға артқан.
         Жалпы Түркістан шаһары облыс орталығы болғалы көптеген жаңа жобалар іске асуда. Солардың ішінде Орталық Азиядағы ең ірі «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін ерекше атап өтуге болады. Аталған инвестициялық жобаны «Turkistan Tourism City» компаниясы жүзеге асырған. Нысанның құрылысы  2019 жылы желтоқсан айында басталды. 20,5 гектарды алып жатқан кешенде 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. «Керуен сарай» бүгінде Түркістанға келген туристер баратын ең танымал орынға айналған. Мұнда  Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақ үйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы кіреді. Келушілерге су арнасы арқылы жүзетін қайықпен серуендеуіне мүмкіндік қарастырылған. Мұнда «Қайық шеруі» театрландырылған шоуы да ұйымдастырылады. Мамандардың жоспары бойынша Орталық Азияда баламасы жоқ  «Керуен-сарай» кешені Түркістанда «Әзірет Сұлтан» кесенесінен кейінгі басты туристік нысан және инвестиция тартатын негізгі орталыққа айналуы тиіс.

Түркістанда туристік саланың әлеуетін дамыту үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Мәселен,  «Karavan Statue Street Art» мүсіндер фестивалі, «Taiqazan» гастрофестивалі, «Батыр Батлс» фестивалі секілді жобалар жүзеге сәтті асырылып жатыр. Аталған шаралардың барлығы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыс нәтижесі.