Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында кәсіпкерлік саласын қолдау мен дамыту жұмыстары қарқын алуда. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айының өзінде облыс кәсіпкерлеріне 18 мыңға жуық кеңес беріліп, 1 770 бизнес-жоспар әзірленген.
Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды. Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске асқанда 30 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков осы жұмыстармен танысу мақсатында Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Сапар аясында аудан аумағында ауыл округтерде бой көтеріп жатқан өндіріс аймақтарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Иассы және Қарашық өндіріс аймақтарындағы құрылыс жұмыстарын көрді.
Талғат Қозбеков әуелі Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» өндіріс алаңымен танысты. Мұнда 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы инвестициялық көлемі 6,3 млрд теңгені құрайды.
Қарашық ауылында шағын өндіріс алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 170-ке жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы құны — 4,5 млрд теңге.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Жүйнек ауылдық округінде «ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнын аралады. Онда 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, балаларға арналған жиһаз түрлерін, ас үй сөрелерін, шкафтар мен шифоньерлерді шығарады. «DIVALUX» жиһаз цехында болды. Цех 2 гектар аумақта 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайтын кәсіпорын айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, даярлайды. Кәсіпорын жиһаздың 40-қа жуық түрін әзірлейді.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков аудан аумағында қолға алынған өндірістік аймақтардың құрылысын көріп, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Ол жобалардың жүзеге асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең жол ашатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Кәсіпкерлер – еліміздің цифрлық дамуының қозғаушы күші болуы тиіс» деп атап өтті. Осы салаға қатысты нақты тапсырмалар берілді. «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мемлекеттік қызметтердің барлығын толықтай цифрлық форматқа көшіруі қажет. Бұл ретте жасанды интеллект пен басқа да озық технологияларды тиімді пайдалану міндетті. Сонымен бірге облыс көлемінде шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған нақты әрі нәтижелі іс-шаралар қабылдау керек. Жергілікті тұрғындардың табысты әрі ауқатты болуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті.