ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЕТІСАЙДА 106 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ МАҚТА ЖИНАЛДЫ

Рейтинг
11.10.2025, 11:11
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЕТІСАЙДА 106 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ МАҚТА ЖИНАЛДЫ

Мақта шаруашылығы – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі маңызды салалардың бірі. Бұл сала халықты жұмыспен қамтуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып отыр.

Мақта егілетін негізгі алқаптар Түркістан облысында орналасқан. Мұнда 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді, оларда шамамен 70 мың адам еңбек етеді.

Жетісай ауданында бүгінде мақта теру науқаны қарқынды жүргізілуде. Негізгі табысы агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданында бүгінде мақта теру науқаны қарқынды жүргізілуде. Ерте көктемнен егістік алқабында еңбек етіп, ақ алтынды мәпелеп өсірген аудан шаруалары үшін жиын-терім науқанының әрбір күні мен сағатын тиімді пайдалану аса маңызды.

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов жұмыс жоспарына сәйкес мақталық алқаптарды аралап, ала жаздай таңның атысынан кештің батысына дейін алқаптарда тынымсыз еңбек етіп, еңбексүйгіштіктің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан шаруалармен тілдесіп, жиын-терім науқанының барысын көрді.

 Биылғы жылы ауданның 79,3 мың гектар суармалы жерінің 43,1 мың гектарына жергілікті және түрік, Қытай елдерінен әкелінген тұқымдық шит егіліп, қазірдің өзінде 41,9 мың гектар алқаптан 106 525 тонна ақ алтын жиналған. Науқанға 715 дана тракторлар мен 897 дана трактор тіркемелерін, 61 дана ОВХ мен 239 дана мақта терім машиналары жұмылдырылған. Өткен жылы 41 мың гектарға мақта шитін сеуіп, 112 750 тонна ақ ұлпа жинаған жетісайлық шаруалар биыл 119,3 мың тонна өнім алуға ниетті. Өйткені, өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі аудан бойынша 5646 гектар жерге енгізілсе, оның 2600 гектары мақта дақылын өндірушілердің еншісінде.

Сонымен қатар, биылғы жылғы күзгі дала жұмыстарына бөлінген 1933,8 тонна жеңілдетілген дизель отынына 100 пайыз өтінім тапсырылған. Аудан шаруалары шитті мақтадан бөлек 17 мың гектарға бақша, 3,3 мың гектарға көкөніс, 8,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,7 мың гектарға мал азықтық дақылдар мен 261 гектар жерге картоп егіп, 452,4 мың тонна бақша, 88,2 мың тонна көкөніс және 250 мың тонна мал азықтық дақылдарын жинаған.
     
Сала мемлекеттік қолдау мен су үнемдеу технологияларының енгізілуі арқасында тұрақты дамып келеді. Мәселен, тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқап көлемі 50 мың гектарға дейін ұлғайып, дәстүрлі тәсілмен егілетін егістік көлемі 19,3 мың гектарға азаймақ. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және климаттық өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік береді.

Мемлекет тарапынан мақта өндірушілерге кешенді қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда: мақта өсірудің толық цикліне субсидия беріледі; минералды тыңайтқыштар құнының 60%-на дейін; пестицидтердің 50%-на дейін; биологиялық агенттер мен биопрепараттардың 40%-на дейін; түпнұсқа және элиталық тұқым сатып алуға 70%-на дейін; мақта тұқымына – 100% көлемде (басқа дақылдар үшін 15–50%); суармалы су жеткізу шығындарын өтеу – технология түріне байланысты 50–85%; сондай-ақ инвестициялық субсидиялар қарастырылған.

Қазақстан жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта шикізатын және 70–75 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Өнімнің 85%-ы Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және өзге елдерге экспортталады. Алайда, қосылған құнды арттыру және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту үшін терең өңдеуді дамыту басты назарда. Заманауи технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру – Қазақстанда мақта шаруашылығының ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуына, сондай-ақ елдің экспорттық әлеуетінің артуына берік негіз қалайды.


 

Сұхбат

PhotoRoom