Жетісай ауданында заманауи зауыттың құрылысы басталды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасы аясында Жетісай ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және бірқатар жобаларды жүзеге асыру қолға алынды. Атап айтқанда, жалпыаумағы 59 га құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ құруға қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп беру мақсатында ЖСҚ әзірленіп, қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Аудан басшысы СерікМамытов аталмыш аймақта болып, құрылысы жүріп жатқан зауыттарды аралап,шетелдік инвесторлармен кездесті. Жалпы құны 15 млн АҚШ долларын (7,5 млрд теңге) құрайтын зауыт ауыл шаруашылығы саласына қажетті тамшылатып суғару әдісін жүзеге асыруға арналған құрал-жабдықтар мен пленкаларды шығаратын болады.
Соңғы 30 жылда ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыт аудан экономикасының дамуына тың серпіліс берері сөзсіз. Бүгінде аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде индустриялды аймақта орналастырылуы межеленген жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 9 жобаның 29,9 млрд теңгені құрайтын 6 жобасы, нақтырағы, сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары 2026 жылы пайдалануға беріліп, жаңадан 1083 тұрақты жұмыс орындары ашылады деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, ауданға 2022 жылы 14,9 млрд теңге, 2023 жылы 25,4 млрд теңге, 2024 жылы 43,7 млрд теңге, ал, биылғы жылдың 8 айында 22,3 млрд теңге қаржы тартылып, соңғы 5 жылда инвесторлар есебінен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 94,5 млрд теңгеге жеткен. 2024-2030 жылдар аралығында бұл бағытқа 419,6 млрд теңгенің инвестициясын тарту көзделген.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша 2025-жылдың 9 айында 33 инвестициялық жоба іске қосылып, 4793 жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 48 жобаға жетеді деп күтілуде. Облыста 2028-жылға дейін 111 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл межеге қол жеткізу 23 915 жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. 2024-жылы жүзеге асқан 16 инвестжоба 1358 азаматты тұрақты жүмыспен қамтамасыз етті.
Биыл шілде айында Түркістан облысында “Шағын өнеркәсіптік парк” бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаруға арнайы зауыт ашылғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Қытайлық инвестор жетекшілігімен құрылатын зауыт толық автоматтандырылып, негізінен роботтар арқылы жұмыс істейді . Өндірістік қуаттылығы – айына 600 бірлік, сарапшылардың пікірінше, бұл көлем алдағы уақытта артары анық.
Жаалпы ауыл шаруашылығын цифрландыру мен инновацияларға негізделген бұл бастама ТМД аймағында тың серпін деп бағаланады. Мысалы, 2024 жылғы мемлекеттік деңгейдегі талдауларда аграрлық дрондарды енгізу су үнемдеуде, тыңайтқышты тиімді пайдалану мен егін өнімділігін арттыруда шешуші рөл атқарады . Бұрын дрондар тек мониторинг пен жәндікке қарсы өңдеу мақсатында қолданылған. Енді өндіріс орындарының ашылуы бұл технологияны кең көлемде таратуға мүмкіндік береді.
Ал бұл оқиғаға дейін де Түркістанда цифрлық агротехнологияларға ден қойылып келген: 2024 жылдың қараша айында қабылданған бағдарлама бойынша аграрлық дрондарды пилоттық енгізу басталған, содан бері олар 320 мың гектардан астам аумақты өңдегені белгілі. Сол кезеңде дрондар кәдімгі тракторлармен салыстырғанда 15 есе су үнемдеген, бұл – айтарлықтай тиімділік.
Салыстырмалы түрде: орталық Азиядағы көрші елдердің агро‑инновациясында дрон технологиялары әлі енгізілуде, бірақ Түркістандағы өндірістік зауыт бұл бағыттағы алғашқы қадам болуы мүмкін. Өзбекстанда дрон импорттық деңгейде болса, Қазақстанда ауылшаруашылығына арналған дрондар енді ішкі өндірістен алынбақ. Бұл – стратегиялық маңызды бастама.