Түркістан облысында ірі жанар-жағармай және мұнай өнімдерін сақтайтын қойма салынады. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры Ильдар Шамсутдиновтің кездесуінде белгілі болды. Инвестор өз жоспарымен таныстырып, жобаны жүзеге асыру мерзімі 2026-2028 жылдарға жоспарланғанын жеткізді. Ал, өңір басшысы инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстарды қарауға және қолдау көрсетуге дайын екендерін айтты.
Кездесу барысында қос тарап Түркістан өңірінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, әріптестік орнату жолдарын талқылады. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы баяндады.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында көлік логистикасын одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берді. Осы орайда, облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы транзитік көлік дәліздерін дамытуға үлкен мүмкіндіктер беретіні сөзсіз. Сіздің тарапыңыздан ұсынылған мұнай өнімдерін сақтайтын инвест-жобаның өңіріміз және еліміз үшін үлкен маңызы бар. Жоба жүзеге асса, көліктің барлық түрі бойынша өңіріміздің халықаралық көлік байланысын, логистика және көрші елдердің өңірлерімен ынтымақтастығымыздың күшейуіне септігін тигізеді. Өз тарапымыздан инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстарды қарауға және қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Ильдар Шамсутдинов өз жоспарымен таныстырды. Инвестор Түркістан облысында ірі жанар-жағармай және мұнай өнімдерін сақтайтын қойма салуды көздеп отыр.
Жобаны жүзеге асыру мерзімі: 2026-2028 жылдар. Резервуарлық парк (мұнай базасы) салынып, онда 20 000 м³ мұнай өнімдері сақталмақ. Оның ішінде 12 мың текше метрі – авиаотын. Жоспарланған инвестиция көлемі – 5 млрд. теңге.
Осы жоба аясында облыстың отын қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әуе компанияларын тарту арқылы жолаушы және жүк ағындарын молайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, авиация саласының халықаралық қауіпсіздік талаптарына сәйкес отын инфрақұрылымын жаңарту жоспарланып отыр. Кездесу барысында қос тарап жол картасын әзірлеп, жобаны жүзеге асыру жөнінде уағдаласты.
Түркістан облысында жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ құрылған. Қазіргі уақытта жалпы құны 39,5 млрд. теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 2 609 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд. теңгеге 48 инвестициялық жобаны іске асырып, 3 812 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Облыс басшысы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімі өз сөзінде Президенттің халыққа арналған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне айрықша мән бергені жайлы тілге тиек етті. Сондықтан индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық бере отырып жұмыс жүргізу қажет. Индустриалды аймақтар инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылуы тиіс. Шұғыл түрде мәселелерді шешудің қадамдық іс-шаралар жоспарын жасап, атқарылған жұмыстар туралы әр апта сайын мәлімет ұсынып отыруды тапсырамын. Инвестиция тарту, индустриалды аймақтарға қатысты жұмыстарды сапалы орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралады.