Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты салынады. Түркістан облысындағы Өндірістік парк аумағында мақта, күріш және басқа да дақылдарды жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауыты салынады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының президенті Динара Шүкіжанованы қабылдады. Кездесу барысында ынтымақтастықты нығайту жайы талқыланып, агроөнеркәсіп саласында жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру жайы пысықталды. Облыс басшысы өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, ортақ бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
– Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Қазақстандағы ең қолайлы өңір. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы агроөнеркәсіп кешені – ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты экономиканың стратегиялық саласы екенін бірнеше рет атап өтті. Әлемдік азық-түлік тұрақсыздығы жағдайында ауыл шаруашылығын инновациялық дамыту, салаға жаңа технологияларды енгізу – ортақ басымдығымыз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
«АгромашХолдинг KZ» компаниясының президенті агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту үшін өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсынысын айтып, жобаны бастауға дайын екенін жеткізді. Облыстың ыңғайлы логистикалық орналасуы оңтүстік өңірлерге ауыл шаруашылығы техникаларын осы кәсіпорынан жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Бүгінде аталған бастаманы жүзеге асыру бағытында жұмыстар басталып кетті. Жобаны «Jer Arys Group» ЖШС жүзеге асырмақ. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тарапынан толық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіледі. Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені еліміздегі жетекші орынға ие. Мемлекеттік аграрлық саланы ауқымды қолдауларының нәтижесінде, саланының инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға еселеп артуда. Осы жылдың 8 айының өзінде салаға 125 млрд. теңге инвестиция тартылған. Облыста АӨК саласында қолданылатын жалпы техника саны – 17 487. Мемлекет қолдауымен биыл шаруа қожалықтары 618 техника (2,8 млрд. теңге) алған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа деңгейіне шығару және жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы мақсатта агроөнеркәсіп кешенінің әрбір бағыты бойынша шаралар қарастырылған Жол картасы әзірленді.
Мәселен, республикада егіс алқаптарын әртараптандыру жандандырылады, бұл ылғалды көп қажет ететін дақылдардың үлесін азайтады және жоғары рентабельді өсімдіктер, мысалы, майлы дақылдар өндірісінің көлемін арттырады. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасын қарқынды жаңарту жоспарланған.
Сондай-ақ Жол картасына ірі және ұсақ мал басын көбейтуге, ет пен астық өңдеуді арттыруға, сүт-тауарлы фермаларды және басқа да нысандарды іске қосуға бағытталған шаралар да енгізілген. Жол картасын жүзеге асыру агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімін 2028 жылға қарай 2 есеге арттырып, 17 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Әрбір өңір үшін өсудің қолда бар резервтері мен даму әлеуетін ескере отырып, көрсеткіштер айқындалды. Моно және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту арқылы сұранысқа ие дақылдардың алқаптарын кеңейтіп, минералды тыңайтқыштар қолдану деңгейін арттыру қажет.
Өңір басшысы облыстың өсіп-өркендеуіндегі аграрлық саланың орны мен маңызы туралы айтты. Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестиция көлемін арттыру, суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу, егін егуге ынталы отбасыларға жер учаскелерін дайындау туралы да сөз болды. Сондықтан шағын несие және қаржы ұйымдарымен бірлесіп, инвестжобалардың қаржылық мәселесін шешуге ықпал жасау керек.