Түркістан облысы, Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы жүргізілмек. Қуанышты сәтпен бөлісуге облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық мәслихат депутаты Жомарт Абдибаев және ауыл тұрғындары мен ақсақалдары Жабағылы ауылындағы «Қарқын Трейд» ЖШС-ның құс етін өндіру зауытының капсуласын салу рәсіміне қатысып, жобаның сәтті жүзеге асуына ниет білдірді.
– Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Себебі бір күнде қос бірдей жаңа өндіріс нысандарының құрылысы мен ашылуының куәсі болып отырмыз. Атап айтқанда, Күмісбастау ауылында сусындар өндіретін үлкен зауыт іске қосылса, Жабағылы ауылында құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа фабриканың құрылысы басталғалы тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл нысандар тек кәсіпорын емес, бұл – жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жобалар. Жаңа фабрика болашақта өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Жобаға жалпы 53,7 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Кәсіпорын жылына 48 мың тоннаға дейін құс етін өндіруді көздеп отыр. Жобаға қолдау көрсету мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 5 млрд. теңге несие берілмек. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.
Жоба іске қосылғанда 1 200-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Кәсіпорын 517,7 гектар жерде орналасады. Жоба аясында 96 құс фермасын, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехі және тоңазытқыш қоймалар салу көзделген. Жоба үш кезеңнен тұрады. І кезең 2026-2027 жылдары жүзеге асырылып, 21,9 млрд теңге инвестиция салынбақ. 550 жұмыс орны құрылып, 15 мың тонна өнім өндіру жоспарлануда.
Жобаның ІІ кезеңіне (2028-2029 жж.) 15,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 325 жұмыс орны ашылмақ. Өндіріліетін өнім көлемі – 24 мың тонна.
ІІІ кезең 2029-2030 жылдары жүзеге асырылып, 16 млрд теңге инвестиция салынады. 48 мың тонна өнім өндіріліп, 325 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жоба толық іске 2029-2030 жылдары қосылады.
Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Өңірде өндіріс саласына инвестиция тарту мен заманауи кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берілген. Аумақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар маңызды ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін береді.
Экономиканың басты көрсеткіші — жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн.теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 1,7 трлн.теңгені құраған болатын.
Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есеге артып, 1214,0 млрд. теңгені құрады. Өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өңдеу салалары өнімдерінің артуы есебінен орын алды.
Облыс аумағында белсенді 405 кәсіпорын жұмыс жасайды. Онда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 51,6 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 1600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд.теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды.
Ал 2025-2031 жылдары өңірде жалпы құны 629,4 млрд.теңгеге 12 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, 3916 жаңа жұмыс орны құрылады.