Елге сырттан қаражат тарту күн тәртібінен түскен емес. 2024 жылдың 9 айында елімізге 12,7 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция келді. БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының деректеріне қарағанда, өткен жылы 15,7 млрд доллар инвестиция тартып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 88%-ға көп нәтижеге жеткен. Экономикалық өсімнің жалпы қарқыны да оң нәтиже беріп отыр. Алғашқы жарты жылдықта еліміз бойынша ішкі жалпы өнім 6,3%-ға өссе, нақты сектордағы өсім 8,3%-ды құрады. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіштер ел экономикасының қайта қарқын алғанын аңғартады.
Түркістан облысында индустриалды аймақтарды дамыту және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда жалпы аумағы 2397,3 гектарды құрайтын 20 индустриалды аймақ құрылған.
Арыста жаңа өндіріс паркінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты істер қолға алынуда. Соның бір айғағы – Арыс қаласында бой көтеріп жатқан өндірістік парк.
Арыс – Отырар тасжолының бойында орналасқан өндірістік аймақтың жалпы аумағы 1,44 гектарды құрайды. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Қала әкімі Қайсар Маңқараев нысанда болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Әкім инвестиция тарту арқылы жұмыс орындарын ашу – мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, құрылыс жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды міндеттеді. Жобалық жоспарға сәйкес, өндірістік паркте барлығы бес жоба жүзеге асырылмақ. Олар – термопанельдер өндіру, пластик есік-терезелер шығару, жиһаз өндірісі, бақша өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ тротуар плиталары мен бордюр бұйымдарын дайындау бағыттары.
Аталған жобалардың жиынтық құны – 215 миллион теңге. Жоба жүзеге асқан соң 30-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін өндірістік парк Арыстың индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасамақ.
Түркістан облысы бойынша бүгінге дейін жалпы құны 39,5 млрд теңгеге 50 инвестициялық жоба іске қосылып, 2609 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта жалпы құны 112,4 млрд теңгені құрайтын тағы 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 3812 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Облыстық өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың айтуынша, индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға 12,35 млрд теңге қаржы жұмсалған. Бюджеттен бөлінген әрбір 1 теңгеге 12,3 теңге жеке инвестиция тартылған.
Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында индустриалды аймақтарда орналасқан кәсіпорындар 12,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 756,6 млн теңге салық түсірді. Сонымен қатар, индустриалды аймақтарға жалпы құны 78,1 млрд теңгеге 28 жаңа инвестициялық жоба орналастырылып, 2370 жұмыс орны ашылды.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеров Президенттің халыққа арнаған Жолдауын тілге тиек етіп, инвестиция тарту саласын дамытуды тапсырып отыр. Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне ерекше мән берді. Сондықтан индустриалды аймақтарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жобаларға басымдық бере отырып жұмыс істеу қажет. Индустриалды аймақтар инфрақұрылыммен толық қамтылуы тиіс. Мәселелерді шешудің нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, орындалуы туралы апта сайын есеп беріп отыру қажет екені жолдауда айтылған болатын.
Тоғыз жолдың торабы саналатын Арыс қаласының құрамына 6 ауылдық округі кіреді. Халықтың саны 74 429 адам. Арыс қаласы мен Ақдала ауылдық округіне қарасты Онтам елдімекенін және Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Сырдария елдімекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 89 млн. теңге бөлініп, 3 кезекке бөлініп ЖСҚ әзірленген.