22.10.2025 в 10:50

Ұлытау облысында Автокөлік және Автожол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтті

Ұлытау облысында Автокөлік және Автожол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға облыс әкімі Дастан Рыспеков, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Мерекелік жиын барысында өңір басшысы сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді. Өзінің құттықтау сөзінде Дастан Рыспеков автокөлік және автожол саласының ел экономикасының дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.

«Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде жолаушылар мен жүк тасымалының үздіксіздігі қамтамасыз етіліп, автожол инфрақұрылымы жылдан жылға жаңарып келеді. Осы орайда облысымыздағы көлік-логистикалық әлеуетті арттыру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды да атап өтпеске болмас. Әрбір салынған жол – өңір дамуының, халықтың ертеңгі күнге деген сенімінің кепілі», – деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.

Сала қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалау мақсатында бірқатар мамандар марапатталды. Олардың қатарында «Құрметті жолшы» төсбелгісіне, ҚР Көлік министрлігінің және Ұлытау облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарына ие болған азаматтар бар. Сонымен қатар, ерекше табандылық пен жауапкершілік танытқан қызметкерлер ҚР Көлік министрінің Алғысхатымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінен кейін қатысушыларға арналған мерекелік концерт өтті. Кеш барысында жергілікті өнерпаздар және елімізге танымал эстрада жұлдыздары — Қанат Үмбетов пен Балжан Бидаш көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Салтанатты іс-шара жылы жүздесулер мен ризашылыққа толы сәттермен өрбіді. Кәсіби мереке — өз ісіне адал жандардың еңбегін мойындау және олардың қоғамдағы орнын айқындаудың жарқын көрінісіне айналды.