Ұлытау облысында Ұстаздар күніне орай білім беру саласының өкілдеріне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында өңірдің педагогтары өз еңбектері мен жетістіктері үшін мемлекеттік және облыстық марапаттарға ие болды.
Білім саласының ардагерлері мен үздік ұстаздарына «Еңбек ардагері» медалі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, сондай-ақ Ұлытау облысының Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табыс етілді.
Сонымен қатар, үздік педагогтар арнайы номинациялар бойынша да марапатталды.
Салтанатты жиынға Ұлытау облысы әкімінің міндетін атқарушы Алмаз Ыдырысов қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Ұстаз – адам тәрбиелеу арқылы болашаққа жол ашатын ең қастерлі мамандық иесі. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – қоғам дамуының және ұлт өркендеуінің кепілі. Білім беру ісіне қосқан үлестеріңіз әрдайым жоғары бағаланады», – деді Алмаз Ыдырысов.
Бұл дәстүрлі мерекелік шара – білім беру саласының дамуына зор үлес қосып жүрген мұғалімдерге көрсетілген құрмет пен ризашылықтың белгісі.