Ұлытау облысында «Қазақмыс» компаниясы күніне орай велошеру ұйымдастырылды. Спорттық шараға өңір тұрғындары, компаниялар тобының қызметкерлері және велоспортты сүйетін әуесқойлардан құралған шамамен 60 қатысушы қатысты.
Велошеру Сәтбаев қаласындағы Ulytau Mall сауда орталығының алдынан басталып, Жезқазған қаласындағы Алашахан алаңында мәресіне жетті. Қатысушыларға белсенділігі мен спортқа деген ықыласы үшін естелік медальдар табысталды.
Қатысушыларды Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Қазақстан велоспорт федерациясының атқарушы директоры Виталий Мозуренко және «Жезқазған Тау-кен өндірісі» ЖШС бас директоры Асқар Құйқабаев құттықтады.
Аталған велошеру – Қазақстан велоспорт федерациясы мен «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асқан спорттық бастамалардың бірі. Шараның негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамыту және өңір тұрғындары мен еңбек ұжымдары арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау.