Ұлытауда Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалі ашылды

Рейтинг
24.09.2025, 20:10

Бүгін Ұлытау облысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті қазақ режиссері Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Бұл мәдени шара – өңір өміріндегі ең айтулы оқиғалардың бірі болып отыр.

Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов және Жанат Хаджиевтің жұбайы, белгілі мәдениет қайраткері Рашида ханым болды. Олар Ұлытау жұртшылығымен кездесіп, ұлы режиссердің шығармашылық жолы мен қазақ театрына сіңірген еңбегін еске алды.

Айта кетсек, бұл өнер мерекесі Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының бастамасымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтеріліп келеді.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қонақтар мен қатысушыларды шын жүректен құттықтап, фестивальдің өңірдің мәдени өміріндегі маңызына тоқталды:
– Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, руханияттың ордасы. Осы қасиетті мекенде өтіп жатқан театр фестивалі – шығармашылық ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Бұл іс-шара мәдениет пен өнердің дамуына серпін беріп, ұлттық рухты асқақтатады деп сенемін. Баршаңызға шабыт, табыс және көрермендердің ыстық ықыласын тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Фестиваль бағдарламасы аясында Қазақстанның бірқатар театр ұжымдары мен Ресей және Қырғызстаннан келген әртістер өз қойылымдарын ұсынып, кәсіби шеберліктерін паш етеді. Көрермендер түрлі жанрдағы спектакльдерді тамашалап, заманауи және классикалық туындылармен танысуға мүмкіндік алады.

Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестивалі 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы күндері Ұлытау өңірі нағыз шығармашылық орталыққа айналып, өнер мен руханияттың мерекесіне куә болмақ.

Сұхбат

PhotoRoom