24.09.2025 в 20:08

Ұлытау ауданында жаңа спорт нысаны – шағын футбол алаңы ашылды

Ұлытау ауданындағы Қорғасын ауылында тұрғындар көптен күткен шағын футбол алаңының салтанатты ашылуы өтті. Бұл әлеуметтік маңызы зор жоба Ұлытау облысы бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ филиалының демеушілігімен жүзеге асырылды.

Іс-шараға ауыл тұрғындары, спорт сүйер жастар, жергілікті билік өкілдері және демеуші ұйымның өкілдері қатысты. Қатысушылар жаңа спорт алаңының ашылуын ауыл өміріндегі маңызды оқиға деп атап өтті.

Жаңа алаңда жасанды төсеніш төселіп, жарық шамдары орнатылған. Бұл ауыл жастарына жыл бойы спортпен айналысуға, достық кездесулер мен түрлі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Мұндай нысандардың ашылуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен үлес қосады.

Айта кетейік, биыл аудан бюджеті есебінен екі жабық футбол алаңы, сондай-ақ екі жазғы футбол және баскетбол алаңы пайдалануға берілді. Ал демеушілік қолдау нәтижесінде тағы бір осындай спорттық нысан іске қосылды.

Алдағы уақытта жергілікті бюджеттен тыс қаржы көздерін тарту арқылы бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жастарға арналған спорттық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жалғасады. Бұл бағыт ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына енгізілген.

Жергілікті билік өкілдері мен демеушілердің айтуынша, мұндай жобалар өңір жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, дене шынықтыру мен спортқа қызығушылығын арттыруына ықпал етпек.