Ұлытау облысында жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтеді

Рейтинг
23.09.2025, 20:03

2025 жылдың 16–23 қыркүйегі аралығында Жезқазған қаласындағы «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2009–2010 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты алғаш рет өтеді. Бұл маңызды спорттық іс-шара еліміздің барлық өңірінен жиналған ең мықты, ең дайын жас спортшылардың басын қосып, Ұлытау өңіріндегі спорт өміріндегі айтулы оқиға болмақ.

Чемпионатты Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырып отыр. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі қолдау көрсетуде.

Жарысқа Азия және әлем чемпиондары, сонымен қатар ұлттық құраманың мүшелері қатысады. Барлығы 200-ден астам спортшы өз салмақ дәрежесінде бақ сынайды деп күтілуде. Турнир қатысушылар үшін тек тәжірибе алмасу емес, сонымен қатар жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына іріктеу кезеңі ретінде де ерекше маңызға ие.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионаттың басты мақсаты — еліміздегі ауыр атлетика спортының дамуына серпін беру, жас спортшылардың әлеуетін ашу және салауатты өмір салтын насихаттау.

Жарыс күндері «Жігер» кешенінде нағыз спорттық рух, күрес пен ынта-жігердің атмосферасы орнайды. Көрермендер ел намысын қорғауға дайын жас чемпиондардың жаңа есімдерімен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Сұхбат

PhotoRoom