Ұлытау облысында экологиялық сана мен қоршаған ортаға жанашырлықты арттыру мақсатында “Таза Қазақстан” жалпыұлттық бастамасы аясында сенбіліктер ұйымдастырылды.
Экологиялық іс-шараға барлық аудан-қалалар белсенді түрде атсалысты. Жезқазған қаласында “Таза қала” акциясы аясында Алашахан даңғылы мен орталық көшелер тазаланып, сенбілікке жастар, еріктілер және қала тұрғындары жұмыла қатысты.
Сәтбаев қаласында тұрғындарға экологиялық мәдениет туралы ақпараттық парақшалар таратылып, қоршаған ортаға деген ұқыпты көзқарас қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қаражал қаласында жастар ұйымдары мен депутаттар саябақтарды тазалап, ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстарымен айналысты.
Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарында да орталық саябақтар мен көшелердегі тазалық жұмыстары жоғары деңгейде өтті. Тұрғындар белсенділік танытып, “Таза аула”, “Таза көше” бағыттары бойынша өз аулаларын ретке келтірді.
Акцияға мемлекеттік органдар, еріктілер, блогерлер, үкіметтік емес ұйымдар және қоғам белсенділері қатысты.
2025 жылдың басынан бері облыста 8 облыстық және 12 қалалық сенбілік өткізілді. Сонымен қатар, әр апта сайын өтетін “Таза бейсенбі” акциясы өңірде дәстүрге айналып келеді.
“Таза Қазақстан” — бұл тек экологиялық емес, рухани тазалық пен отансүйгіштікке үндейтін жалпыхалықтық идеология.