Ұлытау облысында 15 қыркүйек – Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет күніне орай салтанатты шара өтті. Кәсіби мереке қарсаңында денсаулық сақтау саласында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар маманға облыс әкімдігі атынан алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.
Салтанатты жиында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова марапат иелеріне жылы лебізін білдіріп, қоғамдағы бұл қызметтің маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Құрметті санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мен сала ардагерлері! Сіздердің әр күніңіз — халық денсаулығы үшін күрес. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында еңбек ету — үлкен жауапкершілікті, жоғары кәсібилікті және табандылықты талап етеді. Әсіресе, COVID-19 пандемиясы кезінде осы сала мамандарының алдыңғы шепте жүргеніне барша ел куә. Бүгінгі күні де сіздер тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тауарлар мен қызметтердің сапасын қадағалау, жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында елеулі жұмыс атқарып отырсыздар. Осы еңбектеріңіз үшін облыс жұртшылығы атынан зор ризашылық білдіреміз, – деді Зина Ақылбекова.
Шара барысында сала ардагерлері мен жас мамандарға ерекше құрмет көрсетілді. Олар денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен, төсбелгілермен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жиын соңында санитариялық қызмет мамандары атынан сөз алған ардагерлер мен сала өкілдері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен көңіл үшін алғыстарын білдірді.
Еске салайық, 2024 жылдан бастап Қазақстанда 15 қыркүйек — Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде бекітілген болатын.