Ұлттық дәстүр мен жергілікті кәсіпті ұштастырған «Бір ауыл – бір өнім» атты республикалық байқау-көрменің Ұлытау облысындағы өңірлік кезеңі өтті. Байқаудың басты мақсаты – ауылдық жерлердегі шағын және отбасылық кәсіпкерлікті қолдау, өңірлік ерекшелікті айқындайтын бірегей өнімдерді іріктеу және оларды кең көлемде таныстыру.
Өңірлік бренд-комитеттің отырысына облыстың түрлі аудандарынан қатысқан он жартылай финалист өз өнімдерін таныстырып, қазылар алқасының бағалауынан өтті. Қатысушылардың қатарында ұлттық сусын, сүт өнімдері, қолөнер туындылары мен экологиялық тұрғыдан таза тағам түрлері ұсынылды.
Комиссия мүшелері өнімдердің сапасына, қаптамасына, брендтік әлеуетіне, сондай-ақ өңірдің мәдениеті мен дәстүрін көрсету деңгейіне ерекше назар аударды.
Ұлытаудың атынан – үздіктер елордаға жолдама алды
Нәтижесінде, келесі үш кәсіпкерлік нысан жеңімпаз деп танылды:
«Даркенова» ЖК (Сәтбаев қаласы) – табиғи сүт өнімдерімен;
- «Калдыбаев Е.» ЖК – өңделген ет өнімдерімен;
- «Жаңаарқа Қымызы» ЖК – дәстүрлі бие сүтінен дайындалған қымыз өнімдерімен.
Олар енді Астанада өтетін республикалық кезеңге қатысып, Ұлытау облысының атынан елдің ең үздік өндірушілерімен бақ сынайды. Сонымен қатар, өз өнімдерін үлкен аудиторияға таныстыру мүмкіндігіне ие болады.
Жергілікті брендтер – ел экономикасының тірегі
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы өңірлерде креативті индустрия мен ауылдық туризмді дамытуға, ұлттық мәдениетті жаңғыртуға, сондай-ақ жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған маңызды платформа болып отыр. Осындай байқаулар арқылы ауыл тұрғындарының шеберлігі мен жергілікті табиғи өнімдердің әлеуеті ашылып, олар жаңа нарыққа жол табуда.