Түркістан облысының әкімі қытайлық инвесторлармен кездесіп, жаңа өндіріс жобасын талқылады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірге инвестиция тарту мақсатында Қытай Халық Республикасынан келген ірі өнеркәсіптік компания өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында лифт және эскалаторлар шығаратын жаңа өндіріс орнын Түркістан облысында іске қосу мәселесі қаралды. Шетел инвесторлары атынан келген делегация заманауи жолаушы және жүк жетелсатылары, эскалаторлар мен траволаторлар өндірісімен айналысатын компанияның өңірдегі өндірісті іске қосуға ниетті екенін жеткізді. Жоба аясында индустриялық аймақ аумағында зауыт салу, қазақстандық мамандарды оқыту, сондай-ақ жергілікті қамтуды кеңейту көзделіп отыр. Кездесуде облыс әкімі инвесторларға өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен инфрақұрылымдық артықшылықтары туралы кеңінен таныстырып өтті.
Атап айтқанда, «TURAN» арнайы экономикалық аймағы, 20-дан астам индустриялық аймақ, сондай-ақ білікті жұмыс күші мен көлік-логистикалық инфрақұрылымның қолжетімділігі шетелдік кәсіпкерлерге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Түркістан – қазіргі таңда Орталық Азиядағы ең қарқынды дамып жатқан өңірлердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, инвестициялық тартымдылығы артуда. Біз өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға мүдделіміз. Лифт және эскалаторлар өндірісі – бұл импортқа тәуелді салалардың бірі. Облыс аумағында жыл сайын 1 миллион шаршы метр көлемінде тұрғын үйлер құрылысы жүргізіледі. Сондықтан сіздердің бастамаларыңыз өзекті және біз оны толық қолдауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Қытайлық кәсіпкерлер өз кезегінде жобаны жақын арада іске қосуға ниетті екендерін айтып, құрылыс жұмыстары мен жабдықтарды жеткізу бойынша нақты жоспарларымен бөлісті. Соның нәтижесінде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдің индустриялық әлеуеті артады. Сонымен қатар өндірілген өнімдер Қазақстан нарығына ғана емес, Орталық Азия елдеріне экспортталуы көзделіп отыр. Кездесу соңында тараптар өзара түсіністікке қол жеткізіп, ынтымақтастықты нақты істермен жалғастыруға уағдаласты.
Түркістан облысында былтыр инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі жүргізілді. Нәтижесінде 1 триллион 300 млн теңгенің жобасы жүзеге асуда. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Іске қосылған ірі өндіріс орындарының қатарында тоңазытқыш, жаңбырлатып суару машиналары мен мектеп және медицина ұйымдарына қажетті жиһаз шығаратын зауыттар бар.Аймақта отандық өндірісті дамытып, экономиканы әртараптандыруға басымдық берілген. Сондықтан өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 85 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Олардың жалпы құны 2 трилион теңгеден асады.
Былтыр 126,9 млрд. теңгеге 56 инвестициялық жоба іске қосылды. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын, жалпы құны 3,3 трлн. теңгегені құрайтын 173 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған.
Өткен жылы шетелдік және отандық компаниялармен 94-тен астам кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр.
Облыста шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету арқылыоң өсімге қол жеткізілді. Өңірде 207 мыңға жуық шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Кәсіпкерлер саны бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін 3 орында тұр. Кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 27,5%-ға артып, 1,2 трлн. теңгеге жетті. Бұл – 9 айдың көрсеткіші, 12 ай нәтижесімен 1,6 трлн. теңгеге жетеді деп болжанып отыр.