Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібіне басымдық беруде. Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөліп, шетелдік инвесторларды тарту арқылы өңір экономикасын әртараптандыруды көздейді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық өндірісті нығайтуды мақсат етеді.
Бүгін өңір басшысы бірқатар инвесторлармен кездесіп, Түркістан өңірінде кәсіп ашудың тиімді тұстарын түсіндірді. Тұрмыстық және кеңсе тауарларын өндірушілер Түркістанды жаңа кәсіп ашу орны ретінде таңдауда. Жоба аясында жоспарланған өндіріс орны жылына 60 мың тоннадан астам тауар өндіруге қауқарлы болады және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Бұл саланың нарықтағы импорт үлесі 80%-дан асады, сондықтан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салу арқылы өнімнің отандық үлесін арттыру мүмкіндігі зор. Қағаз өндірісі саласында толық циклді өндіріс қалыптастыру шикізатты өндіруден бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Инвесторлар құрылыс материалдары шығару, ауыл шаруашылығына қажетті құрал-саймандар, өнеркәсіп жабдықтары өндіру салаларына да қызығушылық білдіріп отыр. Мұндай өндірістік әртүрлілік өңірдегі өнеркәсіптік кластерді кеңейтеді, жұмыс орындарын ұлғайтады және өндірістік сапаны арттырады.
Кездесу барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров инвесторлармен ашық әрі сенімді байланыс орнатудың маңызын атап өтті.
– Түркістан облысы – инвестиция үшін қолайлы аймақ. Өндірісті осында орналастыру арқылы сіздерге Орта Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің нарығы қолжетімді болады. Сонымен қатар Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өңірдің әлемдік нарыққа шығуына зор мүмкіндік береді. Бұл бағытта сауда мен логистиканы дамыту әлеуеті өте жоғары. Біздің тараптан толық қолдау болады. Бұл – сіздің инвестицияңыздың тиімділігін арттыратын мүмкіндік. Біз әр инвестормен жеке жұмыс істеуге дайынбыз. Кез келген мәселе бойынша менің жеке телефоныма тікелей хабарласыңыздар. Біз үнемі байланыстамыз, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Әкімдік инвесторларға салықтық жеңілдіктерді, экспорт және логистика бағытындағы көмек көрсетуді, өндірістік ғимараттарды қамтамасыз етуді ұсынады. «TURAN» арнайы экономикалық аймағы сияқты индустриалдық парктерде өндіріс үшін дайын инфрақұрылым бар және тиісті қолдау пакеттері жасалуда. Жобалар іске асса жаңа жұмыс орындары ашылады, импортқа тәуелділік төмендейді, өңірдің өнеркәсіп әлеуеті артады, білікті кадрлар даярлау деңгейі өседі әрі өндірістің халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі кеңейеді.
Дағдарыс кезеңінде Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 3,9% өсім көрсетті. 10 жылда алғаш рет елдің ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі тау-кен секторына (12,4%) теңесіп, 13% -ды құрады. Қазақстанның өңделген өнімдері экспортының үлесі 2012 жылдан бастап 6 т.б өсіп, 2020 жылы 29 пайызға жетті. Салалар бойынша өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнімінің үлесі бойынша металлургия өнеркәсібі — 42,9%, тамақ өнімдері — 14,8%, машина жасау — 12,7% жетекші салалар болып табылады. Бұл салалардың жалпы үлесі 70,4% құрайды. Қазақстан Үкіметі өңдеу өнеркәсібін қолдауға үлкен назар аударады. «Бизнестің жол картасы-2025», қарапайым заттар экономикасы (басым жобаларды несиелеу тетігі), өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істейтін шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы сияқты бірқатар мемлекеттік бағдарламалар) осыған бағытталған.Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі экономикаға жаңа өнімдердің, жұмыс орындарының пайда болуына, салықтық түсімдердің көбеюіне, байланысты салалардың, соның ішінде көлік пен қоймалардың, сервистік компаниялардың қызметтерінің дамуына байланысты, мысалы жеңіл өнеркәсіптің дамуына мультипликативті әсер етеді. Бұл импортты алмастыру үдерісін жеделдетуге және жергілікті шикізат өндірушілердің сату көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.