09.09.2025 в 16:15

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МАҚТА ТЕРІМ НАУҚАНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Түркістан облысында мақта терім науқанына дайындық пысықталды. Мақта терім науқанында туындайтын мәселелер мен келеңсіздіктерді дер кезінде саралап, жедел шешу мақсатында Түркістан облысында арнайы штаб құрылып, жұмысын атқаруда. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданында штабтың кезекті отырысын өткізді. Онда Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарындағы қазіргі жағдай туралы аудан әкімдерінің орынбасарлары баяндама жасады. 

Жетісай ауданында 4153 шаруашылыққа 76 мақта қабылдау бекеті қызмет көрсетуде. Мақта сапасын 6 зертхана анықтайды. Мақтааралда 5069 шаруашылықтың өнімін 60 бекет қабылдайды, мұнда 25 зертхана жұмыс істейді. Ал Шардарадағы 1460 шаруашылық 35 бекетке мақта тапсырады. Мұндағы 18 зертханада өнім сапасы тексеріледі. Мақта өңдеу зауыттарының басшылары науқанға дайындық барысы мен өндірістік мүмкіндіктері туралы мәлімет берді. Штабқа жұмысшы топтың апталық есебі де ұсынылды.

Науқан барысында техникалық қауіпсіздікті сақтау және алаяқтық әрекеттерге жол бермеу бойынша тиісті тапсырмалар нақтыланды. 

— Өзекті мәселелердің басым бөлігі мақта қабылдау бекеттерінде зертханалардың болмауынан туындайды. Мақта өңдеу зауыттары өз бекеттерін зертханалармен толық қамтамасыз етуі тиіс. Мақта бағасы нарыққа тәуелді, дегенмен қазіргі деңгейден төмендемеуі керек. Шаруалардың еңбегінсіз зауыттарға өнім жоқ. Сондықтан бірінші кезекте еңбекті бағалауымыз қажет. Кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау жалғасады, – деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде. 

Биыл облыс бойынша 145 мың гектар жерге мақта дақылы егілген. 470 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Мақта зауыттары «Кең дала – 1» және «Кең дала – 2» бағдарламалары арқылы қаржыландырылуда. Сондай-ақ шитті мақтаны толық көлемде сату мақсатында шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын жеке бақылауға алатынын ескертті.

     Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, мақта науқаны барысында туындауы мүмкін өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, зауыттар мен қабылдау бекеттерінің жұмысына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұл жұмыстар облыс әкімінің тікелей бақылауында болады. 

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың мәлімдеуінше, биыл ауданда 116,2 мың тонна мақта жиналады деп күтілуде. Күзгі терім науқанына 715 трактор, 897 тіркеме, 61 дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 комбайн дайындалған. Жетісай өңірінде 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақта қабылдау бекеті орналасқан.

Шардара ауданы әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов аудандағы 16 814 га мақталықтан 42 мың тоннадан астам өнім жинау көзделіп отырғанын айтты. Қазіргі таңда ауыл округтерінде мақта қабылдау бекеттерінің дайындығы пысықталуда.

Мақтаарал ауданында егілген мақта алқабы 35,1 мың гектарды құрайды. Диқандардың болжамы бойынша, гектарынан 27,1 центнер өнім жиналмақ.

Мәжіліс барысында шаруалар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мақта өңдеу зауыттарының өкілдері де проблемаларын баяндап, биылғы жоспарларымен бөлісті.

Нұрбол Тұрашбеков аудан әкімдіктеріне шитті мақтаны сатып алуға немесе терең өңдеуге инвестор тарту қажеттігін ескертті. Сонымен қатар мақта зауыттарының өндірістік мүмкіндіктерін саралап, мақта қабылдау қуаттылығы бойынша нақты болжам ұсынуды тапсырды. Шаруалардың құқығын қорғау үшін бірыңғай сату-сатып алу келісімшарт үлгісімен жұмыс жүргізудіоблыс басшылығы тілге тиек етті. Келісімшартта қаржы төлеу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс.