Түркістан облысы — инвестицияға тартымды аймақ. Өңірімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, шетелдік ірі инвесторлармен белсенді ынтымақтастық орнатылуда.
Түркістан облысында 15 млн долларлық инвестициялық жоба іске асады. Келес ауданында шетелдік инвесторлармен жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен маңызды басқосу өтті. Жиында аудан аумағынан 10 000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жоспары талқыланды. Сонымен қатар жоғары технологиялық мал сою бекеті және ет өнімдерін терең өңдеу кешенін салу мәселелері де талқыланды.
Аудан әкімі Түркиялық инвесторларға өңір әлеуетін дамытуға бағытталған жобаны бірлесе атқаруға дайын екенін жеткізді.
— Біз үшін ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі. Осындай ауқымды жобалар Келес ауданының дамуына тың серпін береді. Жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасындағы әріптестікке қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз, - деп атап өтті аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев.
Жоба құны - 15 млн АҚШ долларын құрайды. Түркиялық инвесторлар тарапынан қаржы құю үшін кәсіпкерге жер телімін рәсімдеу қажеттілігі айтылды. Өз кезегінде аудан әкімі жобаға толық қолдау көрсетілетінін жеткізіп, жер мәселесі бойынша тиісті шаралар атқарылатынын атап өтті. Осы күні аудан басшысы мен инвесторлар Бозай ауылдық округінде жоспарланған жоба аумағына барып, іс жүзіндегі жағдаймен танысты. Бүгінде жеке кәсіпкер 4 277 ірі қара мал, оның ішінде 1 500 асыл тұқымды «қалмақ сиыры», сондай-ақ 9 200 уақ мал өсіруде. Жобаның іске асуы Келес ауданында жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экспорттық әлеуеттің артуына, ет өнімдерін өңдеу мен қайта өңдеудің дамуына және ауыл шаруашылығы саласының жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.
Жыл басынан Түркістан облысының экономикасына тартылған инвестиция көлемі 7 жылда 4,2 есеге артып, 1335,0 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 314,1 млрд. теңгені құраған болатын. Ал жыл басынан бері аймаққа 387,8 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде, жеке инвестиция көлемі 199,3 млрд.теңге болса, бюджеттік инвестиция – 128,7 млрд. теңге. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245%-ға артығымен орындалды.
Облыста инвестиция көлемі тұрақты өсуде. 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн. теңгеге 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптасты. Нәтижесінде, 19 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Жалпы құны 321,8 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 6 908 жаңа жұмыс орнын ашылмақ.
Түркістан облысында бизнес форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылып, өңірдің инвестициялық әлеуеті жан-жақты таныстырылуда. Сонымен қатар шетелдерге ресми сапарлар арқылы маңызды жобалар бойынша келіссөздер жүргізілуде. Соның нақты нәтижесі ретінде Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 140 млрд теңге. Қуаты – жылына 1,6 млн тонна. 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады.
Жақында Түркістан облысы делегациясының Қытайға жасаған сапары барысында туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша бірқатар келісім жасалды. Сондай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ форумында қытайлық инвесторлармен 5 ірі жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.