ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МАҚТА ШАРУШЫЛЫҒЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Рейтинг
05.09.2025, 19:11
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МАҚТА ШАРУШЫЛЫҒЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы – еліміздегі мақта өсіретін жалғыз өңір. Бұл бағытта 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жыл сайын 120 мың гектарға жуық мақта егіліп, 300 мың тоннадан астам шитті мақта жиналады. Мақтаға қатысты өзекті мәселелер де жыл сайын көтеріліп келеді.Жетісай ауданында мақта өңдеу зауыттары мен ірі шаруа қожалық төрағаларымен кездесу өтті. Жетісай ауданында мақта дақылын өндіруші шаруаларының мәселелерін оңтайлы шешу мақсатында өңірдің мақта өңдеу зауыттары мен ірі шаруа қожалық төрағаларымен кездесу өтті. Кездесу барысында мақта шарушылығы саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, аудан басшысы тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілді. 

Диқандардың уәжін жеткізген Серік Үсенұлы зауыт басшыларына бірқатар талаптар қойды.

– Маңызды мәселелерді талқылап, ортақ мәмілеге келу үшін арнайы кездесіп отырмыз. Ауылдық округтерде өткен кездесулерде шаруалардың айтатын бірінші мәселесі – ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдердің, соның ішінде мақтаның бағасы. Шаруалардың ерте көктемнен қара күзге дейінгі еңбегі зая кетпесін. Мүмкіндігінше дұрыс баға шығарыңыздар. Шаруаларға өткізген мақталарының ақшасын уақытылы төлеп, созбалаңға салушы болмаңыздар, – деген аудан басшысы мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол берілмеу керектігін ескертті.

Бүгінде аудан аумағында орналасқан мақта қабылдаушы 7 мақта өңдеу зауыттары мен 77 мақта қабылдау бекеттерінің 53-і аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі болса, қалған 24-і Мақтарал ауданы аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына тиесілі. 

Мақта өңдеу зауыттары өкілдерінің айтуынша, әр компания тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (трейдерлермен) жұмыс істейді. Ал, трейдерлер мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті, мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың барлығы дерлік жеке инвестициялар деуге болады. Жиынға келген мақта зауыт басшылары бағаның сұраныс пен сапаға байланысты екенін мәлімдеді.

Аудан әкімі кездесу барысында зауыт басшыларына мақтаны тазалаумен қатар, қайта өңдеумен айналысуды ұсынды. Өйткені, 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыратын ауданның 43,1 мың гектар жеріне мақта шиті егіледі. Айта кетейік, мақталық алқаптарға дефолиациялау жұмыстары жүргізіліп, күзгі жиын-терім науқанына 715 дана трактор, 897 дана трактор тіркемелері, 61 дана дәрілегіш ОВХ агрегаты және 222 дана мақта терім комбаиндары дайын. 1933,8 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, алдын ала болжам бойынша гектарынан 27 центнерден өнім алынады деп жоспарланып отыр.

    Мақта кластері демекші, «ақ алтын» нарығына экспорттық тәуелділікті жою, елімізде тоқыма-тігін саласын дамыту мақсатында 2023 жылы облыста «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген. Жол картасы егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру сынды 4 бағытты қамтиды. Облыс әкімдігі мақта бағасының жыл сайын өзекті болуының басты себебі ретінде шитті мақтаны сату бағасының экспортқа тәуелділігін атап отыр. Бұл орайда елімізде тоқыма, тігін өнеркәсібін дұрыс жолға қою маңызды.

Сұхбат

PhotoRoom