04.09.2025 в 19:09

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: САУРАНДА ЗАМАНАУИ ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Түркістан облысында өндіріс пен инвестиция көлемі айтарлықтай артып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында өңірге 694,6 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 133,8%-ға жоғары. Ең бастысы, тартылған қаржының басым бөлігі – 72,3%-ы жеке инвесторлардың есебінен. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығы артқанын көрсетеді.

Сауран ауданында заманауи құрылыс материалдарын өндіретін зауыт салынады. Сауран ауданында өңір экономикасына тың серпін беретін жаңа өндіріс ошағының іргетасы қаланды. «Мақтұм Сейіт» ЖШС, Түркияның CORUNEX компаниясы және Сауран ауданы әкімдігі үш жақты меморандумға қол қойып, Үшқайық ауылдық округіндегі арнайы өндірістік аймақтың 3 гектар аумағында жобаны жүзеге асыруды бастайды.

Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңге. Бұл қаржыға қасбет бояулары мен гидрооқшаулағыш материалдарын шығаратын заманауи зауыт салынады. Өндірістік қуаты тәулігіне 8-10 тонна өнімді құрайды. Жоба толық іске қосылған соң, ішкі нарықтағы импортты алмастыруға, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Шараға Түркістан облысының Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов қатысып, жобаның аймақ үшін маңыздылығына тоқталды.

– Бұл – өңіріміздегі индустриялық-инновациялық дамуға үлес қосатын ірі бастама. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Түркістан облысы инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап келеді, – деді басқарма басшысыНұржігіт Мырзахметов.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров өз сөзінде жобаның аудан экономикасы үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.

– Біз инвесторларға толық қолдау көрсетеміз. Бұл зауыт іске қосылған соң, жергілікті жастар жұмыспен қамтылып, ауданымыздың өнеркәсіптік әлеуеті күшейеді, – деді аудан басшысы. 

Ал «Мақтұм Сейіт» ЖШС мен CORUNEX компаниясының өкілдері өндірісті заманауи халықаралық стандарттарға сай жүргізетінін жеткізді.
     Түркістан облысының экономикасы Қазақстан Республикасының экономикасында концентрацияның төмен деңгейімен сипатталады.

 

Жалпы, Түркістан облысының инвестициялық ахуалы жылдан-жылға жақсарып келеді. Ірі жобалардың жүзеге асуы өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек. Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөліп, шетелдік инвесторларды тарту арқылы өңір экономикасын әртараптандыруды көздейді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жобалар импортқа тәуелділікті төмендетіп, отандық өндірісті нығайтуды мақсат етеді. Түркістан облысы – инвестиция үшін қолайлы аймақ. Өндірісті осында орналастыру арқылы сіздерге Орта Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің нарығы қолжетімді болады. Сонымен қатар Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі өңірдің әлемдік нарыққа шығуына зор мүмкіндік береді. Бұл бағытта сауда мен логистиканы дамыту әлеуеті өте жоғары. Біздің тараптан толық қолдау болады. Бұл – сіздің инвестицияңыздың тиімділігін арттыратын мүмкіндік.