Түркістан облысы, Ордабасы ауданынадағы Ықыластемір елді мекеніне «Altyn land» ЖШС-ның автоматтандырылған қыш зауыты іске қосылды. Кәсіпорынның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров, зауыт ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгін біз заманауи және инновациялық кірпіш зауытының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл – жай ғана өндіріс нысаны емес, бұл – біздің бірлескен еңбегіміздің, нақты стратегиялық жоспарларымыздың нәтижесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жергілікті өнім өндірушілердің әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды», деп атап өткен болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде біз қысқа мерзімде салынып, іске қосылған зауыттың нақты жемісін көріп отырмыз. Бұл – жергілікті атқарушы органның, инвесторлардың және барлық мүдделі тараптардың тиімді іс-қимылының нәтижесі. Өндіріс шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдері мен жергілікті бюджеттің нығаюына үлес қосады. Осы кәсіпорын облысымыздағы құрылыс саласының дамуына серпін беретін маңызды нысан болатынына сенімдімін. Осы бағыттағы жобаларға облыс әкімдігі тарапынан алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетіледі. Зауыт ұжымына толағай табыс, үлкен жетістіктер тілеймін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
• Нысан жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен салынған. Жоба құны – 2,3 млрд. теңге. Қыш зауытының құрылысы 2024 жылдың сәуір айында басталып, осы жылы тамыз айында аяқталды. Мұнда 120 жаңа жұмыс орны ашылды. 3 гектар жерде орналасқан зауытта жылына 90 млн. дана кірпіш шығарылады. Қазіргі таңда сынама өнім түрлері шығарылуда. Кәсіпорында озық тәжірибе мен жоғары технологиялар негізінде жұмыс істейтін жылжымалы туннельді пеш жүйесі қолданылады. Жоба соңғы үлгідегі инновациялық Қытай технологиясымен жабдықталған. Өндіріс процесі толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар, зауыт экологиялық жағынан да тиімді. Кірпіш күйдіру процесінде газ пайдаланылады. Бұл атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтардың мөлшерін азайтып, қоршаған ортаға түсетін салмақты жеңілдетеді.
Кірпіш – ең көне құрылыс материалы. Өндірістік технологиялардың дамуымен олар түрленді, бірақ кірпіштің өлшемдері аса өзгере қойған жоқ. Халық арасындағы қыш, қызыл, әк кірпіш деген жалпы атаулардан бөлек, өндірісте кірпіштің негізгі үш түрі бар. Олар: керамикалық, силикатты және гипернығыздалған кірпіштер.
Хромомагнезитті кірпіш — құрамында 8-15 Сг203, 65-75 MgO болатын, отқа төзімділігі 2000°С-тан жоғары кірпіш. Хромомагнезитті кірпіш негіздік және қышқылдық қасиеті бар ортада — химиялық байланыстағы суы кептіріліп, илемділігі жойылғанша, қақтала жабысатындай болып күйдірілген отқа төзімді, балшықтан не каолиннен жасалған қыш. Мартен пештерінің күмбездері мен бүркеншіктерін, болат қорыту пештерінің ішкі қабырғаларын қалау үшін қолданылады.
ГОСТ-қа сәйкес кірпіш келесі негізгі сипаттамаларға ие болуы керек:
1. Геометриялық параметрлер: кірпіш өлшемдері, оның пішіні және номиналды мәндерден ауытқуға төзімділік.
2. Физикалық қасиеттері: кірпіштің тығыздығы, оның беріктігі, оның ішінде қысуға төзімділігі, тозуға төзімділігі және аязға төзімділігі.
3. Химиялық құрамы: кірпіштің сапасы мен беріктігіне әсер ететін кейбір элементтер мен заттардың құрамы.