ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Рейтинг
02.09.2025, 19:06
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамытудан және жылыжайлар көлемі бойынша республикада бірінші орында тұр. Облыста 1640 гектарды құрайтын 3366 жылыжай бар. Оның ішінде 87,2 гектары – өнеркәсіптік жылыжайлар. Онда 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Осы ретте Ордабасыда ауқымды жылыжай кешені салынуда. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіп саласында көш бастап тұрған аймақтардың бірі екені белгілі. Осы орайда, аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалар легі жалғасуда. 

Солардың бірі — Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан ауқымды жылыжай кешені. Бұл жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жылыжай кешенінің құрылысымен арнайы танысып, жауапты тұлғалармен кездесті. Аймақ басшысы кешен құрылысының маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартудың маңызын атап өтті.

– Жылыжай шаруашылығы – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі табысты сала. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, облыс экономикасына серпін береді. Біз кәсіп бастаймын деген азаматтарды барынша қолдауға дайынбыз, – деді Н.Көшеров. 

Жалпы жоба құны - 250 миллион теңге. Жылыжай кешені 7,5 гектар жер аумағында орналасқан. Қазіргі таңда 0,18 гектар аумаққа қияр дақылы жерсіндіріліп, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталып кетті. Кешенде қызанақ пен қияр өсірілетін болады. Өнімдер ішкі нарыққа жеткізіліп, жергілікті базарлар мен сауда орындарына жөнелтілмек. Жобаға қызығушылық танытқан 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдауға ие болды. Олардың 20-сына жалпы көлемі 167 миллион теңге несие рәсімделген. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашып, табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде 42 учаскеге бөлінген жобаның 17-сінде жылыжай құрылысы аяқталған. Оның ішінде 3 учаскеде қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, толық іске қосуға дайын тұр. Бұл жоба – «Ауыл аманаты» бағдарламасының нақты нәтижесі. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, өңірлік экономиканы әртараптандыру және жергілікті өнім өндірісін арттыру бағытындағы бастамалар жалғасын таппақ.
      Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тарапынан 2023 жылдың 1 мамырында «Фермерлік жылыжайларға жалпы техникалық талаптарының мемлекеттік стандарты» бекітілді. Бүгінде 801 фермерлік жылыжай сертификатталды. Жылыжай шаруашылықтарын жылыту маусымында субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілді. Бағдарлама арқылы өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы, көмір және газ шығындарының 20 пайызы субсидияланады. Фермерлік жылыжайлардың гектарына 4,8 млн. теңге, өндірістік жылыжайларға 8,1 млн. теңге бөлінеді.

Соңғы жылдары елімізде жылыжай шаруашылығы қалыпты дамып, өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатты ден қойып, қауырт қолға алып жатқан тың сала ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуде және импорттық өнімдердің үлесін азайтуда маңызды рөл атқарады.

Бүгінде жылыжайлардың негізгі бөлігі жеміс-көкөніс өсіру үшін ауа райы қолайлы Түркістан облысында – 824,2 га, Шымкент қаласы маңында – 139,2 га, сондай-ақ Алматы облысында – 79 га, Қарағанды облысында – 43 га көлемінде шоғырланған. Елдің басқа аймақтарында да шағын жылыжай алаңдары бар.

Жылыжай шаруашылықтарының негізгі мақсаты тұрғындарды сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, сауда орындарын тасқын судай басып жатқан көкөніс өнімдерінің импортын азайту, сөйтіп, бағаның тым шарықтап өсуіне жол бермеу екендігі белгілі. Соның нәтижесінде соңғы жылдары белгілі бір дәрежеде қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, пияз сияқты ас-тағам мәзіріне күнделікті қажет болатын өнімдер бағасының тұрақтануына қол жеткізілді.

 

Сұхбат

PhotoRoom