18 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы, Винное ауылында паралимпиадалық мәнерлеп жүру ат спорты бойынша Қазақстан Республикасы чемпионаты басталды. Екі күнге созылатын жарысқа еліміздің 6 өңірінен келген 30-ға жуық спортшы қатысуда.
«Біздің мақсатымыз – тек жарыс өткізу емес, бүкіл елге спорттың әр адамға ашық екенін көрсету. Қатысушылардың қайсарлығы мен еңбекқорлығы бізге үлкен үлгі», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлық орталығының» өкілі.
Мәнерлеп жүру – шабандоз бен аттың үйлесімділігін талап ететін ерекше спорт түрі. Сондықтан әрбір өнер көрсету – дәлдік пен сұлулықты тоғыстырған шынайы өнер туындысы.
ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі чемпионаттың аймақ үшін маңызын атап өтті:
«Шығыс Қазақстан қашанда ат спортына жақын өңір. Бүгінгі чемпионат паралимпиадалық қозғалыстың дамуына жаңа серпін беріп отыр. Әрбір спортшыға өз әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау – біздің басты мақсатымыз».
Жарыс 19 қыркүйекте аяқталады. Үздік спортшылар ұлттық құраманың сапына алынып, халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын болады.
Винное ауылындағы чемпионат тек спорттық шара ғана емес, әрбір жанға жігер сыйлайтын, адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейтін мереке болып отыр.