Биылғы оқу жылы Қазақстан мектептері үшін ерекше болмақ. 1 қыркүйек демалыс күніне сәйкес келгендіктен, мектептер есігін 2 қыркүйекте айқара ашады.
Шығыс Қазақстанда биыл алғаш рет 9729 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды.
Өскеменде «Келешек мектептері» жобасы аясында №31, №40 және №41 білім ордалары ашылады. Сондай-ақ, Глубокое ауданында Белоусов жалпы орта мектебі №2 мен Опытное поле орта мектебі, ал Зайсанда «Сауыр» орта мектебі алғашқы оқушыларын қабылдайды. Бұл жобалар Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қолдауымен жүзеге асты.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында облыстағы барлық 319 мектеп асханасы жөндеуден өтті. Енді әр қала мен ауданда оқушылардың тамақ сапасын бақылайтын арнайы топтар жұмыс істейді.
Бүгінде Қазақстандағы ең үздік 100 мектептің қатарында Ұлан ауданындағы «Бозанбай орта мектебі» бар. 1964 жылы салынған бұл мектеп 500-ден астам оқушыға лайықталған, қазіргі таңда 270 бала білім алуда.
Мектепке былтыр 271,5 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Кейін «Қазақстан халқына» қоры қосымша 250 млн теңге бөліп, материалдық-техникалық база толық жаңартылды. Қазір мұнда 30 оқу кабинеті, коворкинг аймақтары, жаңа спортзал, кітапхана, теле- және арт-студиялар, STEM-зертхана мен заманауи жабдықталған акт залы бар.