11.08.2025 в 16:06

“ҚАУІПСІЗ ЕЛДІҢ” МІНДЕТІ АУҚЫМДЫ

 

Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек полиция мен ТЖМ-нің емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Соңғы жылдары елімізде тұрғындардың тыныштығы мен құқықтарының қорғалуына қатысты талап күшейді. Осыған жауап ретінде жүзеге асып жатқан «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы – еліміздің болашағы үшін маңызды қадамның бірі.

Бұл жоба қылмыс деңгейін азайту, төтенше жағдайларға дайындықты күшейту, интернеттегі алаяқтықпен күресу, полиция қыз метін жақсарту жəне халықтың қауіпсіздік мəдениетін қалыптастыруды көздейді. Бірақ, бұл тек ресми сөз емес – бұл жоба əрбір азаматтың өміріне тікелей əсер ететін нақты шараларды қамтиды. Осы тұста Қорғаныс министрлігі жоба аясында Қарулы Күштерді, ішкі істер органдарын, сонымен қатар, мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесін дамытудың бірнеше бағыты барын мəлімдеді. Бұдан бөлек, шекарамызды шегендеп тұрған əскери қызметкерлердің жұмыс істеу жағдайлары да қамтылған. Олардың ішінде əскери қызметкерлер пайдаланатын қару-жарақ пен техниканың кей түрін өз елімізде өндіру міндеті де тұр. Одан кейін қолда бар оқ-дəріні қауіпсіз жерде сақтау да аса маңызды. Өйткені одан төнер қауіп тым үлкен. Сол себепті аталмыш жоба оқ-дəрі сақтайтын қоймаларды тұрғызу жұмыстарын да қамтиды. Дамыған заманның көшіне ілесу үшін əскери саланы цифрландыру жұмысы да «Қауіпсіз ел» жобасы аясында іске асырылмақ. Соңғы жылдары табиғат тосын мінезін көрсетіп, түрлі апаттар болуда. Жоғарыда атап өткен ұлттық жоба техногендік апат пен төтенше жағдай орын алған кезде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын пысықтауға да серпін береді. Қандай апат болмасын, оған сақадай сай болу, деркезінде тоқтата білу маңызды. Ұлттық жобада апаттық құтқару жұмыстарын пысықтау үшін маңызды іс-шаралар ұйымдастыру да қарастырылған. Бұдан бөлек «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы шекара қызметіндегілерге ерекше көңіл бөледі. Нақтылап айтар болсақ, жоба аясында шекара қызметінің əскери қызметкерлері үшін жаңа нысандар салу көзделген. «Қауіпсіз ел» жобасының негізгі мақсаты – қылмысты азайту, азаматтар үшін қауіпсіз жағдай жасау, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жол инфрақұрылымын жақсарту, жүргізушілерді оқыту жүйесін жетілдіру, жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту үшін жаңа технологияларды енгізу де негізгі басымдық қатарында. Киберқауіптерден қорғау, экстремизм мен терроризмнің алдын алу да – бүгінгі күннің өзекті мəселесінің бірі. «Қауіпсіз ел» – бұл жай ғана шаралар кешені емес, заңнама мен құқық қорғау қызметін жетілдіруге бағытталған ұлттық жоба. Бұл елде қауіпсіз жəне тұрақты ортаны құру үшін мемлекет пен азаматтардың тұрақты күш-жігерін талап ететін үздіксіз процесс. Жоба жалпыұлттық басымдықтар ға жəне мемлекетті алға жылжыту мақсатында құрылған стратегиялық көрсеткіштерге негізделген.