08.08.2025 в 16:04

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ - УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық. Оған тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды.

Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор.

Бұл дерттің жаппай жойылмау жолын халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше, халыққа жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынуына және орындауына көмектесудің алғышарттарының бірінен саналады.

Атап айтқанда, ол үшін, ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді.

«Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 жарлығы жарияланды. Cтратегияның мақсаты - мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.

Бұл ретте стратегияның мақсатын жүзеге асыру тұрғысында сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал Адалдық пен Сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқытатын курстармен барлық оқу орындарын, мемлекеттік органдар мен тұтастай алғанда барлық азаматтық қоғамды қамту қажет. Тек жас кезінен мінез-құлықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарын енгізу бұл әлеуметтік зұлымдықты жоюға мүмкіндік береді. Әрбір қазақстандық, әрбір отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бүкіл қоғамның ісі екенін түсіну керек.

Сондықтан да, сыбайлас жемқорлықты ұлттық мәдениетке жат құбылыс ретінде сезіну және қабылдамау – қоғамымыздың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің негізі екенін ұмытпайық.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы жауапты азаматтық мінез-құлықты қалыптастыруда және қоғамның дамуы үшін қолайлы орта құруда маңызды рөл атқарады. Ол жүйелі тәсілді, қоғамның барлық деңгейлерінің қатысуын және нәтижелерді үнемі бақылауды талап етеді. Бүгінде Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жалпы мемлекеттік мәртебе берілген, сыбайлас жемқорлықты жою және оның көріністерін болдырмау жөнінде қоғамдық және саяси күштермен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды науқан жүргізілуде. Соның ішінде, мекеме сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығының қызметі туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қолданысқа енгізілген заңнамалық өзгерістер туралы анықтама, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жылдық жоспары, әдеп жөнінде кодекс және тағы да басқа қолданып жүрген ішкі нормативтік-құқықтық актілерімізді негізге ала отырып қызмет атқарады.