06.08.2025 в 11:02

ШЫЛЫМ ШЕГУДІҢ АДАМ АҒЗАСЫНА ЗИЯНЫ

Бүгінде қазақ ұлтының денсаулығын барынша тұншықтырып отырған бір дерт бар. Ол – никотинге тәуелділік. Бұл осы күнгі ғана емес, келешек ұрпағымыз үшін де қауіпті қатер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне жүгінсек, жер шарындағы халықтың 18 пайызы яғни, бір миллиард адам темекіге тәуелді. Ал, жылына бес жарым миллионға жуық адам темекі зардабынан туындаған аурулардан өмірін қияды екен.

Салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды, ал салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Қазіргі мәліметтер бойынша денсаулық 53-55%- ға салауатты өмір салтына тәуелді болады екен. Бұдан салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екендігі айқын .Темекі шегуден, ішімдіктен, есірткі және уытты заттардан бас тарту қажет. Бұл зиянды әдеттер организмге әсер етіп, денсаулыққа зиян келтіреді. 

Темекі шегудің жүрек-қан тамырлары жүйесіне зияны күрделі және алуан түрлі. Темекі шегу кезінде жүрек соғысы жиілейді және бұл бірінші демнен кейін болады. Толық сау адамда жүрек минутына 70 рет, ал темекі шегу кезінде 80-90 рет жиырылады. Бір жиырылу кезінде жүрек 60-70 миллилитр қанды айдайды, минутына 70 жиырылу кезінде жүрек 4-6 литр қанды айдайды, 1 сағатта бұл көрсеткіш 300 литр, ал 24 сағатта 7000 литрден асады. Енді елестетіп көріңізші, жүрек минутына 70 рет емес, 85 рет соғады, яғни 21% жиі. Қарапайым есептеулер арқылы 24 сағат ішінде жүрек 7000 емес, 8470 литр қан айдауы керек екенін анықтауға болады, бұл қалыпты жағдайдағыдан 1500 литрге жуық артық. Бұл біздің жүрегіміздің қосымша жұмысы! Егер адам сау болса, жүрекке түсетін бұл жүк онша көп емес, ал егер адамның жүрегі ауырса, бұл жүкті көтеру қиын. Тәжірибе көрсеткендей, темекі шегу кезінде бүйрек үсті бездері қан қысымының жоғарылауын тудыруы мүмкін гормондық заттарды шығарады. Бұл өз кезегінде жүрекке жүктемені одан әрі арттырады.

Қазіргі таңда барша ғалам жұртшылығы осы әлеуметтік қауіпті әдетке қарсы күресуде. Әлемдік тәжірибеге сай бұл індетке қарсы күрес алдын алу мен экономикалық шараларды қолдану тәсілдері арқылы жүзеге асады. Алдын алу әдістерінің бірі – темекінің қорабына өнімнің зиянды екені жазылатын ескертулер. Австралияда темекі қорабтарында өндірушінің фирмалық логотипі көрсетілмеген керісінше темекі тартушылар арасында таралатын аурулардың зардабы туралы жағымсыз суреттер берілген. Қазірдің өзінде Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Жаңа Зеландия мен Норвегия сияқты елдер де нарыққа осындай өнімді енгізуді көздеп отыр. Еуропа елдері 2025 жылға дейін Еуроодақ темекіні саудадан мүлдем алып тастауды нысанаға алып отыр. Ресейде мектеп пен колледждерде темекі тартқан мұғалімдерге қомақты айыппұл салынады екен. Батыстың көптеген елдерінде қоғамдық орындарда шылым шегуге заң жүзінде тыйым берілген. Францияда осындай заң күшіне енгеннен кейін, кафе мен мейрамханалардың табыстары 10-15 пайызға кеміп, жүрек, қан тамырлары ауруынан өмірмен қош айтысатындар саны 15 пайызға азайыпты.

Ал, Қазақстан темекі індетімен қалай күресуде? 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қорап сыртындағы «Шылым шегу сіздің денсаулығыңызға зиянды», «темекі шекпейтіндердің өмірі ұзақ болады» деген жазулардың көлемі 30 пайызға ұлғайтылды. Бұл халықаралық темекіге қарсы күрес жөніндегі конвенциясымен келісім жасағаннан соң жеткен өзгеріс. 2011 жылы 22 қараша күні ҚР Үкіметі темекі бұйымының қорабына шайырлы заттардың, никотиннің құрамы, олардың деңгейі және жүйелік улар, канцерогендік әрі мутагендік заттар туралы мәліметтер мен темекі шегудің зияны туралы ескертуді орналастыру ережелерін бекітті. Қорап сыртындағы жазулар көлемі 40 пайызға артты. Бұл ескерту темекіге тәуелді азаматтарымыздың көзіне іліге қояр ме екен.