Қазақстанда алкогольге салынушылықпен жан-жақты күрес жүргізіліп келеді. Мемлекет бұл мәселені назарынан тыс қалдырмақ емес. Алкогольге қарсы түрлі іс-шаралар бар. Барлық мемлекеттік мекемелерде салауатты өмір салтын насихаттау қолға алынған. Қазақстан үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Ондағы басты міндеттердің бірі – халықтың саламатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық қызметін дамыту. Ал ең бір маңызды жоспарлы индикаторлардың бірі – 2025 жылға қарай елімізде азаматтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығының 75 жасқа дейін өсуі және 18 жастан асқан адамдардың таза спирт литрімен тіркелген алкоголь тұтынуын 6,5 литрге дейін азаюы.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы төрт айда, 2024 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда, арақ және ликер өнімдерін тұтыну 25 миллион литрден 24,4 миллионға дейін немесе -2,1%-ға төмендеді. Шарап ішу 11,9-дан 9,5 миллион литрге дейін күрт кеміді. -19,6%-ға аз ішілген. Бұл мемлекет жүргізіп жатқан алкоголизммен күрес шарасының нәтиже бере бастағанын да куәландырса керек.
Сарапшылар бұл күрестің барлық майданда қатар жүріп жатқанына ерекше мән беріп отыр. Мысалы, баға шебінде «соққы» берілген. Ресми статистика бойынша құрамында спирті бар ішімдіктер 2019 жылдан тоқтаусыз қымбаттап келеді. Оның бағасын мемлекет акциз алымын үнемі көтеру арқылы реттейді. Нәтижесінде, алкоголь өнімдерінің құны 2019 жылы – 108,6%, 2020 жылы – 107%, 2021 жылы – 107,8%, 2022 жылы – 114,8%, 2023 жылы – 117,3%, 2024 жылы – 110,1%, 2025 жылы 109,9%-ға көтерілді. Сөйтіп, Үкімет спиртті ішімдіктерді елге барынша қолжетімсіз етіп, алшақтатуға күш салып жатыр.
Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі алкогольді қолдан жасау және заңсыз саудалау құқықбұзушылықтарын анықтап, жолын кесу үшін 2024 жылы 6 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісін жауапқа тартты, оның үштен бірі сот шешімімен лицензиясынан айырылды.
Сондай-ақ салықшылар мен кеденшілерді біріктіретін Мемлекеттік кірістер комитеті алкоголь өнімін таңбалау қағидаларын бұзуға қатысты кәсіпкерлік нысандарына тұрақты негізде мониторинг және бақылау жүргізеді. 2024 жылы тексеру барысында 2 257 салық төлеушіден 1,2 миллион литр заңсыз алкоголь өнімі тәркіленген. 1 157 салық төлеушіге айыппұл салынды. 35-і лицензиясынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылы және 2025 жылдың басынан бері суррогат алкоголь өндірісі бойынша 54 қылмыстық істі тіркеді, 25 жерасты цехы жойылды, 205,4 мың бөтелке суррогат ішімдіктер, 354 мың литрден астам спирт және құрамында спирті бар сұйықтық заңсыз айналымнан алынды.
Алкоголизмнің алдын алу және ішімдікті тұтынуды азайту тұрғысынан Денсаулық сақтау министрлігі саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асырады. Жыл сайын «Ұлттық алкогольден бас тарту күні» ұйымдастырылып, ауқымды ақпараттық науқан өткізіледі. 2024 жылы 182 мың адамды қамтыған 10 мыңнан астам іс-шара, спорттық акция, ата-аналар жиналысы, шығармашылық конкурс, басқасы өткізілген.
Алкогольді ішімдіктер адам ағзасына тигізетін тікелей зияндарын айтпағанда, мастарды неше-түрлі қылмыстарға итеріп жатады. Теріс әлеуметтік салдары мол. Қоғамдық тәртіпті бұзатындар, қылмысқа барғандар арасында мас тұлғалар көптеп кездесіп жатады. Мас жүргізушілердің қатысуымен болған жол-көлік апаттарынан қаншама жазықсыз отандастарымыздың өмірі қиылып, денсаулығына зардаптар келіп жатыр. Алкогольге тәуелділіктен отбасылар ажырасып, оның зардабын балалар тартуда. Тіпті маскүнем ата-анасынан, ішкіш ересектерден көргенін қайталап, жасына жетпей, ішімдікке үйір болатын балалар да кездеседі. Алкогольге тәуелді отбасыларда физикалық және психикалық денсаулығы кеміс балалар дүниеге келіп жатады. Осының бәрін қорыта келгендегі айтпағымыз, бұл мәселеге барынша зор мән берілуі тиіс.