04.08.2025 в 15:58

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түркістан қаласында индустриялық-инновациялық даму бағытында ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде заманауи өндіріс орындарының көбеюіне, инновациялық жобалардың іске асуына және өңір экономикасының жандануына ықпал етіп отыр. 

 

Өндіріс ошақтары жаңа технологиялық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, инновациялық шешімдер арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға нақты үлес қосып келеді. Солардың бірі – жылына 1 000 тоннадан астам нан және ет өнімдерін өндіретін «Ақ Жол Фудс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

 

Аталған кәсіпорын инновациялық технологияларды өндіріске енгізу арқылы отандық өнім сапасын арттырып, Түркістан облысының азық-түлік нарығындағы орнын нығайтады. Қазіргі таңда кәсіпорында шұжық, сосиска және ет өнімдерінің бірнеше түрі дайындалады. Мұнда 80-нен астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл өз кезегінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етіп, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне септігін тигізіп жатыр. 

 

Кәсіпорын қызметімен арнайы танысқан Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы өндірістік процеспен және инфрақұрылыммен танысып, өндіріс барысына оң бағасын берді. Кездесу барысында кәсіп иелері өндірісті кеңейту, инновациялық желілерді жетілдіру және өнім сапасын арттыру бағытындағы жоспарларын жеткізді.

 

Айта кету керек, бүгінде кәсіпорын өндірістік желілерін кезең-кезеңімен цифрлық технологиялармен жаңғыртып, толық автоматтандыру үдерісін қолға алған. Заманауи қондырғылар еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, өндірістік қауіпсіздік пен сапа стандарттарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. 

 

Қала әкімі кәсіпорын жұмысымен танысу барысында отандық тауар өндірушілердің технологиялық серпінін арттыру, инновациялық жобаларға қолдау білдіру қажеттігін атап өтті. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа өнім түрлерін шығару және экспорттық бағытты дамыту – кәсіпорынның басты межесі болмақ.

 

Жалпы, Түркістан қаласы соңғы жылдары өндіріс пен кәсіпкерлік бағытында қарқынды дамып келе жатқан инновациялық-экономикалық аймаққа айналды. Қалада индустриялық инфрақұрылым жүйелі түрде дамып, отандық өнім өндірушілердің үлесі артып келеді. Осы орайда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды қолдау, өндірістік қуатты арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады.

 

Осы мақсатта қала басшысы «Нұр Строй ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен де танысты. 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл өндіріс орны темір-бетон бұйымдарын шығаруға маманданған. Бүгінде кәсіпорын жылына 10 мың дана жабын плитасы, 30 мың дана темір-бетон тірегі және 50 мың тонна асфальт өндіреді. Өнімдер қаланың жол-құрылыс саласына қажетті материалдармен үздіксіз қамтамасыз етуде.

 

2023 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 72 мың данаға жуық түрлі өнім өндіріп, өндірістік көрсеткіштерді арттырған. Қазір мұнда 164 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын өнімдері СТ-KZ ұлттық сертификатына ие болып, отандық әрі халықаралық сапа стандарттарына толық сәйкес келеді.

 

Қала әкімдігі тарапынан индустриялық-инновациялық әлеуетті дамыту, құрылыс саласын қолдау және өндіріс нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында жүйелі шаралар қолға алынып жатыр. Бұл ретте инновациялық өндіріс әдістерін, автоматтандырылған желілерді және заманауи цифрлық технологияларды енгізу – негізгі басымдықтардың бірі саналады.

 

Әзімбек Пазылбекұлы кәсіпорын өкілдерімен кездесуде отандық өндірісті ілгерілетудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың және жергілікті экономиканы әртараптандырумен қатар, инновациялық жобаларды қолдау мен енгізудің маңыздылығын атап өтті. Өңірдегі әрбір өндіріс орнының жаңғыруы – Түркістанның болашақта технологияға негізделген, бәсекеге қабілетті индустриялық орталыққа айналуына берік негіз қалайды.