Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін салаларына қатысты тапсырмалардың орындалуын саралап, өзекті мәселелерді шешу бойынша атқарылған жұмыстарды пысықтады.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тапсырмаға сәйкес, облыстағы балық шаруашылығын түгендеу арқылы 231 шаруашылықты анықтаған. Оның 164-і балық инспекциясымен заңдастырылды, 67-не қатысты құжаттар әзірленіп, уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесімен шарт түзілген. Жаңадан ашылған шаруашылықтарға биологиялық негіздеме жасау қажеттігі түсіндіріліп, тіркеу жүргізілуде.
«Жасыл аймақ» мекемесінің ұңғымалары толық жөндеуден өтіп, іске қосылған. Жасыл желектердің мерзімінде суғарылуы тұрақты бақылануда.
Агроөнеркәсіпті дамытуға, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы бойынша аудандардың жағдайы да талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары қайта өңдеу кәсіпорындарын ашу бағытында серпінді қозғалыс керек екенін атап өтті. Мәселен, Сайрам ауданында жыл сайын 116,2 мың ірі қара мал, 118,9 мың ұсақ мал етке жолданатынын ескерсек, бұл өңірде тері өндірісін дамытуға мүмкіндік мол. Сондықтан, аудан әкімдігімен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы жануарларының терісін терең өңдейтін кәсіпорын ашуға инвестор тартуды ұйымдастыру маңыздылығын айтты.
— Мәселе тек Сайрам ауданына қатысты емес, әр ауданда ерекшеліктеріне қарай өндіріс дамуы қажет. Жергілікті кәсіпкерлерге өзге өңірлердің тәжірибесін ұсыну, мемлекеттік қолдаулар туралы ақпарат бере отырып олардың қызығушылығын арттыру, қажеттілігіне қарай құқықтық қолдау көрсету — бұл бағыттағы жұмыстың ілгерілеуіне септігін тигізері сөзсіз, — деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде. Сондай-ақ, кей аудандардан қайта өңдеу өндірісі бойынша әлі күнге ешқандай ұсыныс түспегенін сынға алып, жауапты басқармаларға аудандармен бірге тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Мал басы тіркелмеген жайылым жерлерді қайтару жайы да қозғалды. Бұл жұмысты атқаруда бүгінгі таңда Сауран, Қазығұрт және Төлеби аудандары соңғы орынға тұрақтаған.
Түркістан облысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалды аймақ ашылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беруде. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биыл облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды.
Сарыағашта күнбағыс майын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылдық округіндегі индустриалды аймақта қуаттылығы тәулігіне 45 тонна күнбағыс майын өндіретін жаңа зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Осы ретте, аудан әкімі Арман Абдуллаев құрылыс нысанына арнайы барып, зауыттың қазіргі жай-күйімен танысты.
Бүгінде зауыт ғимаратының кірпішін қалау жұмыстары мен инфрақұрылым тарту шаралары жүргізілуде. Зауыт үш цикл бойынша жұмыс істейді деп күтілуде. Мұнда күнбағыс майын өндірумен қатар, құнарлы мал азығын да шығару жоспарланған. Нысанды биылғы жылдың соңына дейін іске қосу көзделген. Жоба «Альбаракад 077» ЖШС инвестициясымен жүзеге асырылуда. Жалпы құны – 800 миллион теңге. Айта кетсек, бұл жоба аудан экономикасын дамытуға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының қатары артпақ.