Келестіктер шабдалы өсіруді дамытуға қызығушылық танытып жатыр. Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласында биыл оң өзгерістер байқалады. Өңірге арнайы келген түркиялық инвесторлар ауданның табиғи-климаттық ерекшеліктерін зерделеп, жеміс-жидек шаруашылығын, соның ішінде шабдалы өсіруді дамытуға қызығушылық танытып отыр. Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев шетелдік мамандарға өңірдің әлеуетін таныстырып, әріптестік орнату жолдарын талқылады.
Бүгінде «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Умаров Түркиядан 15 000 түп «Орион» сұрыпты шабдалы көшеттерін әкеліп, 12 гектар жерге отырғызды. Бұл көшеттер Келес ауданында арнайы дайындалған аумаққа отырғызылып, алғашқы ірі шабдалы бағының негізі қаланды. Жобаның келесі кезеңінде шабдалы бақтарын кеңейту жоспарланған. Бұл бағытта «Ұлы Дала» өндірістік кооперативінің төрағасы Құрманғазы Асанбаев пен Нұржан Умаров бірлесе отырып, көлемі 51,3 гектар жер учаскесіне шабдалы көшеттерін отырғызу жұмыстарын қолға алмақ. Алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлер Түркия елінен сапалы көшеттер әкеліп, заманауи жеміс бақтарын құруды жалғастырады. Бұл бастама өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және Келес ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрін көбейтуге жол ашады.
Жалпы, ауыл шаруашылығы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы осы бағытқа үнемі баса мән береді. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде аграрлық сала жан-жақты дамып келеді. 1995 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,5 есе өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есеге артты. Қазақстан шетелге 7 млн тоннаға дейін бидай шығарып, әлемдегі ең ірі экспорттаушылардың қатарына қосылды. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 50 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған ауқымды бағдарламалар іске асырылды.
Ауыл шаруашылығы адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз етеді, ал оның тапшылығы аштыққа әкеледі. БҰҰ мәліметтері бойынша, 2020 жылға қарай әлем халқының шамамен 9% аштыққа ұшырауы мүмкін. Аштық адамдардың денсаулығына, әсіресе балаларға ауыр тиеді. Оның салдары бүлдіршіндердің дамуы мен өсуін едәуір тежейді. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту әрдайым мемлекеттік деңгейде бақыланады. Алайда егер елімізде аштық айтарлықтай сезілмесе, бұл біздің елде бәрі жақсы дегенді білдірмейді екен. БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мамандары аштықтың сыртында тағы бір проблема – дұрыс тамақтанбау мәселесі де өткір тұрғанын мәлімдейді. Мамандардың мәліметтері бойынша, Орталық Азия елдерінде халық көкөністерді, бұршақты дақылдар мен балықты әлемдік орташа көрсеткіштен едәуір төмен тұтынатын болып шықты.
ФАО-ның Орта Азия елдері бойынша есебіне сәйкес, салауатты тамақтану рационы аталмыш өңірде тек астың энергетикалық қуатын өтейтін рационға қарағанда орташа есеппен бес есе қымбат болып табылады екен. Бұл, ғалымдардың пікірінше, өз кезегінде жалпы қоғамның денсаулығына кері әсер етеді.
Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуда әлеуеті зор екені сөзсіз. Бұл – ауылшаруашылық жерлерінің үлкен аумағы (200 миллион гектардан астам), ауылшаруашылық өнімдерінің үлкен нарықтары, ол аз десеңіз іргемізде – Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдері, Иран, Араб әлемі елдері. Алайда, біздің елімізде ауыл шаруашылығының дамуы әлі де қарқын алмай отыр.