11.08.2025 в 10:43

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ БОЛДЫРМАУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және ішкі талдау жұмыстарын жандандыру жолдары талқыланды. Түркістан облысы әкімі аппаратында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын-алу» (ТБН-4) жобасының сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау» тапсырмасын сапалы іске асыру мақсатында оқыту жұмыстары жүргізіліп, арнайы мәжіліс өткізілді. Оған басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің жауапты өкілдері, облыс әкімі аппаратының бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты. 

Жиынды Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Айдос Тоғызбаев жүргізіп, мәселенің маңызына тоқталды. 

– Бүгін елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды тетіктердің бірі – төртінші үлгілік базалық бағыттың (ТБН-4), яғни, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу жүйесінің Түркістан облысындағы іске асырылу барысын талқылау үшін жиналып отырмыз. Ішкі талдаулар арқылы біз процестегі әлсіз тұстарды анықтап қана қоймай, оларға жүйелі түрде тосқауыл қоюға, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік аламыз. Соңғы бір жылда облыс көлеміндегі бірқатар басқармалар мен мекемелерде ішкі талдау жүргізіліп, ондаған ұсыныс пен тәуекел карталары әзірленді. Бұл – біріншіден, ұйымдардың өзін-өзі бақылауға бет бұрғанын, екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың тек салдарымен емес, себептерімен күресу бағытына бет алғанын білдіреді. Бүгінгі жиында облыстардағы ішкі талдаудың жүргізілу тәжірибесімен, өңірімізде жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының сапасы туралы ақпаратпен бөлісеміз, – деді аппарат басшысының орынбасары. 

Күн тәртібінде квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жүргізілген ішкі талдау жұмыстарының аралық қорытындысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жұмыстарының Түркістан облысында іске асырылуы барысы талқыланды. Мәжілісте облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөлімінің басшысы Боранбай Есқараев, Түркістан облысы әкімі аппараты мемлекеттік құқық бөлімінің ТБН-4 жобасының жауапты маманы Балнұр Үпібек баяндама жасады. Осы саладағы тапсырмаларды түсіндірді. Жоғарыдағы мәселелер бойынша кемшілікке жол берген басқармалар мен аудан, қала әкімдіктерінің жауапты тұлғаларының есептері тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді. Мәжіліс нәтижесінде баяндамада айтылған ішкі талдау жұмыстарын толық әрі дұрыс жүргізілуін қамтамасыз ету, коплаенс офицерлердің жұмысын жандандыру, аудан, қала әкім аппараты басшылары мен басқарма басшыларының орынбасарларына ішкі талдауды сапалы жүргізіп, уақтылы ақпарат беруін қадағалауға алу міндеті жүктелді. Ішкі талдау жұмыстарына құжаттарын зерделеуге ұсынбаған квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жауапты комплаенс офицерлері мен аудан, қала әкім аппараты және басқарма басшыларының орынбасарларының жаупкершіліктері қаралатыны ескертілді.
   
    Біздің мемлекетіміз басқа көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерін айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерін, сондай-ақ міндеттемелік шарттарын белгілеп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы сыбайлас жемқорлық қарсы күрес туралы заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден  Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік функцияларды орындайтын мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.