Қазақстан балық ресурстарына өте бай. Елдің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда.
Түркістан облысы жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Обылста тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен — көл бар. Оның ішінде 88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген. Қосымша 46 жергілікті маңызы бар су айдыны қайта конкурсқа қойылып, осы жылдың 2-жарты жылдығына дейін толығымен бекітілетін болады.
Түркістан облысы Келес ауданындауылдырық цехы іске қосылып, алғашқы өнім алынды. Соңғы уақытта Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Келес ауданында балық шаруашылығы өркендеп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктері аясында бұл салада бірқатар жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда және ауылдық жерлерде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық нығая түсуде.
Аталған бағыттағы жобалардың бірі – «БозСу Балық Шаруашылығы» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіпкер Олжас Әбдіжаппарұлы басшылық ететін бұл жоба 4,8 гектар жер телімінде жүзеге асырылуда. Былтыр кәсіпкерлік нысаны 1 миллион амур шабағын су айдынына жіберіп, нәтижесінде 4 тонна балық өнімі алынды. Биыл шабақ саны 3 миллионға дейін ұлғайып, олардың 600 мың данасы сатылымға шығарылды. Қалған шабақтардан қосымша 10 тонна балық өнімі алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, инкубаторлық цех іске қосылып, алғашқы кезеңде 20 келі уылдырық өндірілді. Келесі жылы бұл көлемді 100 келіге дейін ұлғайту жоспарлануда. Кәсіпорында қазіргі таңда 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қауіпсіз еңбек жағдайымен және тұрақты жалақымен қамтамасыз етілген.
Ірі жобалардың қатарында «Көшім» шаруа қожалығы да бар. Жалпы аумағы 76,2 гектарды құрайтын шаруашылықты Райс Көшімұлы басқарады. Мұнда балық өсірумен қатар, балық өңдеу цехын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Қожалық жылына 32 тонна балық өндіріп, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Ауданда балық шаруашылығымен қатар, өндірістік бағыттағы жобалар да қолға алынған. Соның бірі – «Керуен» өндірістік цехы. Гүлсім Абдурахманова жетекшілік ететін бұл жоба үй-тұрмыстық химия өнімдерін шығару бағытында жұмыс істейді. Бүгінгі таңда кәсіпорын жылына 700-800 тонна өнім шығарады. Цехта 15 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы Келес ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып жатқан бұл жобалар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, экономиканың әртараптандырылуына және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде.
Қазақстан өзінің бай және бірегей табиғатының арқасында балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие. Бұл бағытта экспорттық әлеуеті де жоғары. Балық өнеркәсібінің негізгі түрлері — балық кәсіпшілігі (балық аулау), балықты көбейту (балық өсіру) және балық өңдеу. Қазақстан мұхит балығы мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар — майшабақ, скумбрия, асшаян, мидия және басқалары. Бұл өнімдер Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдерінен импортталады
Өз кезегінде, Қазақстан жыл сайын шамамен $60 млн сомасына 36 жақын және алыс шет елдерге 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.
Балық шаруашылығын дамытудың оңтайлы тұсы мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызын субсидиялау бағдарламасы оңды ықпалын тигізуде.
Сарапшылар Түркістан облысындағы жасанды балық өсіру саласының жоғары әлеуетін атап өтті. Бұдан басқа, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызын субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау.