Түркістан облысының Сайрам ауданында бордақылау алаңы мен ет комбинатының құрылыс жобасы «KAZ ECO MEAT» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Жылына 10 мың тоннаға дейін ет өңдеуге бағытталған жобаның жалпы құны – 8,5 млрд теңгені құрады.
Кәсіпорын Беларусь, Қытай және Түркиядан жеткізілген заманауи жабдықтармен жабдықталған. Өндірістің барлық кезеңінде озық технологиялық шешімдер енгізілген. Мал бордақылау үдерісін тиімді және тұрақты жүргізуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған азықтандыру жүйесімен жабдықталған.
Өнімді кешенді өңдеу мақсатында қан жинау және өңдеу қондырғылары, сондай-ақ сүйек өңдеуге арналған жабдықтар іске қосылып, қалдықсыз өндіріс циклі қамтамасыз етілген. Бұл да аталмыш жобаның ерекшелігі. Себебі қалдықсыз өндірістің маңызы зор. Өндіріс барысында табиғатқа зиянды қалдықтар шығарылмайтын процесті әдетте қалдықсыз өндіріс атайды. Шетелде оны «таза өндіріс» деп те жатады. Ол қоршаған орта мен адам үшін қауіп-қатерді ең аз деңгейге түсіріп, қоршаған ортаны ластауды болдырмайтын технология стратегиясы ретінде түсіндіріледі.
Қалдықсыз технология – бұл өнімді өндіруің тәсілі энергия мен шикізат кезеңінде кешенді және әбден орынды түрде пайдаланылады.
Ет комбинаты халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді және өнім экспорттауға бағытталған. Шикізат ретінде жергілікті фермерлік шаруашылықтардан, сондай-ақ еліміздің солтүстік өңірлерінен жеткізілген ірі қара малы пайдаланылады.
Жалпы Түркістан облысында соңғы жылдары өндіріс орындары қарқынды іске қосылып, жаңа жұмыс орындары көбеюде.Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа жобаларды іске асыру барысы талқыланып, түйіткілді мәселелерді шешу жолдары қаралды.
Аймақ басшысы өткен штаб отырысында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысын бақылап, жауапты басшыларға бірқатар тапсырма жүктеді.
– Түркістан өңірінің экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, дотациядан шығаруымыз керек. Алдымызда тұрған міндетті аса жауапкершілікпен атқару қажет. Біз әрбір жобаның сәтті жүзеге асуына қолдау көрсетеміз. Кедергілерді шешуге көмек көрсетіңіздер. Мақсатымыз бір – жаңа өндіріс орындарын іске қосу. Жаңа жоба – жаңа жұмыс орны, жаңа табыс көзі. Аталған жобалар іске асып, облысымыздың экономикасының дамуына драйвер болады деп сенемін, – деген Нұралхан Оралбайұлы әрбір жобаны жіті бақылап, жұмысты ширатуды тапсырды.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков инвестициялық жобалардың қазіргі жай-күйін баяндап, қажетті инфрақұрылыммен қамту мәселелеріне тоқталды.
Сауран ауданындағы Шағын өнеркәсіптік аймағында орналасқан «TALIFA» ЖШС-ның кептірілген жемістерді өндіру жобасын іске қосу мақсатында өндірістік ғимараттың құрлысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта 30 тоннаға жуық шикізат (кептірілген жүзім) Түркістан қаласына жеткізілген. Кәсіпорын 1 ай көлемінде жұмысын бастамақ. Түркістан қаласының «Turkistan» индустриалды аймағында «Мұнай Инвестмент Групп» ЖШС битум өндіретін зауыт пен битум қоймасын салу жұмыстарын қолға алды. Қазіргі уақытта қажетті 5 шақырым теміржол желісін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Шардара ауданында орналасқан «Казкрахмал» ЖШС тарапынан жүгеріні терең өңдеу зауыты жобасы іске асырылып жатыр. Бүгінде жүгері дәнін егуге 400 гектар жер учаскесі қарастырылуда. Одан бөлек, тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіретін зауытты, жиһаз фабрикасын, ет комбинатын, бу қазандықтарын құрастыратын зауытты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Айта кетейік, Түркістан облысы экономикасының дамуына тың серпін беретін және 2025-2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биыл 322 млрд. теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Түркістан өңірінде инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғаса береді.