ТЕМЕКІ ТАСТАУДЫҢ ТӘСІЛІ ҚАНДАЙ?

Рейтинг
18.07.2025, 11:45
ТЕМЕКІ ТАСТАУДЫҢ ТӘСІЛІ ҚАНДАЙ?

Ресми деректерге қарағанда, елімізде 5 миллионға жуық шылымқор бар. Халықтың біршама бөлігі әлі күнге дейін никотинге тәуелділіктен зардап шегіп жатыр. Мамандардың сөзіне сүйенсек, темекі тарту адамдағы белгілі бір психикалық бұзылуды білдіреді екен. Яғни, бұл шылым шегушінің никотинге не психологиялық не физикалық тәуелділігі бар екенін айтады.

Темекі тәуелділігінен зардап шеккендермен жұмыс істейтін жоғары дәрежелі дәрігер-нарколог Жанна Әбдіқалиқызы қазір елімізде шылымға тәуелді адамдардың саны азаймай тұрғанын айтады.

10 жылдан аса еңбек өтілі бар маманның айтуынша, оған көбіне 20-45 жас аралығындағы клиенттер келеді. 

- Қазіргі уақытта клиенттерімнің орташа жасы - 20-45. Бұл көрсеткіш аса өзгере қойған жоқ. Дегенмен біз, дәрігерлер, мамандар, темекі тәуелділігімен күресу мақсатында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып жатырмыз. Мысалы, бүгінде кодтау әдістері, яғни дәрі-дәрмекпен кодтау немесе психотерапевтік кодтау әдістері жиі қолданылады, - дейді нарколог маман.

Айтуынша, темекі тәуелділігі созылмалы ауру болып саналады. Никотин тәуелдігін дәрі-дәрмектермен емдеудің де бірнеше түрі бар екен. Бірақ, дәрігердің сөзіне сүйенсек, бүгінде темекіден арылуға көмектесетін дәрі-дәрмектер қалтаға салмақ салады.

 

Ал темекіні тастаудың кері әсерлері жайлы сұраққа маман олардың көбіне миф екенін және оның әр адамның организміне байланысты екенін айтады.

"Темекі шегуді тастаудың кері әсерлері көп екені жайлы естіп жатамыз. Мұның барлығы әр адамның организміне байланысты. Жалпылай ештеңе айтуға болмайды. Темекіні бірден тастаған адам салмақ қосады дегенді жиі еститініміз рас. Бірақ мұның барлығы шындық деген сөз емес", - дейді Жанна Әбдіқалиқызы.

Бірақ маман темекіні өз бетінше тастаудың қажеті жоқ екенін ескертеді.

"Медициналық тұрғыдан алып қарасақ, науқас бірден зиянды әдетінен арылған кезде созылмалы аурулары асқынатын жағдайлар аз емес. Сол себепті дәрігердің арнайы ем жазып, науқасқа сәйкес келетін емдеу әдісін таңдауы өте маңызды", - дейді нарколог.

Ал психолог Айсұлу Полатова өз кезегінде дәрігердің көмегінсіз, ешбір ем алмай-ақ зиянды әдеттен арылуға болатынын айтады.

"Темекі шегуші никотинді бастапқыда тынышталып, көңілін жайландыратын құрал ретінде санайды. Кейін ол әдетке айналады. Қолы босаған сәтте ол темекі шегіп қалғысы келеді, яғни организм никотиннің белгілі бір мөлшерін талап етеді. "Темекіні тастау өте қиын. Ол тәуелділікті жеңу оңай емес" дейтіндер көп. Дегенмен оны ешбір ем қабылдамай-ақ, бар ынтаны салып зиян әдеттен арылуға болатынына кепіл беремін", - дейді Полатова.

Зерттеушілердің пікірінше, темекіні тастауға ұмтылатындар 30  түрлі әдіс қолданып барып, өз дегендеріне жетеді. Бұл зиянды әрекеттен арылудың соншалық қиын екенін білдірсе керек. Сол сияқты нәтиженің оң болуы әр ағзаның өзіне тән ерекшеліктеріне де байланысты.

Таныстарыңыздың бесеуі қолданып, жақсы жетістікке жеткізген әдістің сізге түк те әсері болмауы мүмкін. Немесе керісінше: достарыңызға пайдасы тимей, өзіңізді зиянды әрекеттен арылта алатын керемет айла ойлап табуыңыз ғажап емес. Алайда, оның қаншалық пайдалы болуы тікелей өзіңіздің күш-жігеріңізге тәуелді болмақ.

Бұл темекіні тастауда жиі пайдаланатын әдістердің бірі болып табылады. Әсіресе, бұл бір-ақ жолмен зиянды әрекеттен құтылам дегендердің сүйікті тәсілі.

Никотинді жапсырмалар, арнайы сағыз, спрей мен соратын кәмпиттер шылымға деген қатты тартылыста көмегі тиеді. Алайда, алмастырғыш терапиялар уақытша екенін ұмытпаңыз. Оның басты тапсырмасы - темекі қалауына тосқауыл қою.

Ал электронды шылымдар жайында медицина мамандарының ойы екіге жарылады. Мәселен, АҚШ-тағы ұлттық рак институтының ғалымы Глен Морган ол заттың темекі күресіне ешқандай пайдасы жоғын айтады. Оның үстіне, мұндай құрылғылардағы картриждердің құрамы реттелмегендіктен, қолданушы ағзасына қандай токсин кетіп жатқанына мүлде хабарсыз болады. Ал оның зияны шаш етектен.

 

Сұхбат

PhotoRoom