Облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 30 км-дей жерде, Қаратау жотасының етегінде Кентау шаһары орналасқан. Кентау қаласын “Қаратау тәжі” және “Қазақстанның жасыл-желекті қаласы” деп те атайды. Онда Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы бар. Кентау қаласы Ащысай қорғасын-мырыш кен орнын игеру мақсатында Хантағы мен Мырғалымсай жұмысшылар поселкілері негізінде құрылған.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қалаларға жұмыс сапары барысында дәл осы Кентаудағы құрылыс алаңдары мен индустриалды аймақтардыаралап, жұмысымен танысты. Одан кейін қала әкімдігінің ғимаратында актив отырысын өткізіп, Кентауды дамыту жолдарын талқылады.
Өңір басшысы бірқатар саладағы кемшіліктерге тоқталып, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
– Қаладағы индустриалды аймақтың әлеуеті жоғары болғанымен, қазіргі таңда инвестор тарту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Бұл бағытта жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жол картасы аясында биылға жоспарланған 10 жобаның 3-еуі ғана іске асырылып отыр. Реттеңіздер. Салалық басқармамен бірлесіп ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесін қайта пысықтап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырамын. Халықты табиғи газбен қамту бойынша да жұмысты жандандыру керек. Шұғыл арада газ нысандарының құжаттарын заңдастырып, тиісті мекеме теңгеріміне өткізіңіздер. Біз Кентауды дамытуда бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Бұл ретте әкімдікпен бірге депутаттардың да белсенділігі маңызды. Инвестициялық жобаларды қолдауға белсенді араласып, өз округтеріңіз бойынша әлеуетті жобалар мен мүмкіндіктерді зерделеп, нақты ұсыныстар беріңіздер, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Басқарма басшылары өз салалары бойынша кездескен кемшіліктерге тоқталып, шешу жолдарын талқылады. Нұралхан Көшеров басқарма басшылары мен қала әкіміне тиісті міндеттер жүктеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қала тазалығын күшейтуді тарсырды. Тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Айта кетейік, 6 айда Кентауда жалпы өнім көлемі 41,2 млрд. теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 113,5% өсім деңгейінде болды. 2025 жылдың 6 айдың қорытындысымен қалалық бюджет 9,4 млрд. теңгені құрады. Жеке табыстар жоспары 2,1 млрд. теңге болса, орындалуы – 2,4 млрд теңге немесе 111,6%. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемінің жоспары 11,4 млрд.теңге болса, нақты орындалуы 12,3 млрд. теңгені құрап, өсімге қол жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда 3,2 млрд. теңгеге өскен.
Кентау қаласында аты КСРО-ға әйгілі болған тау-кен орындары, трансформатор зауыты, экскаватор зауыты құрылды. Алайда, XX ғарыдың 80-90 жылдарындағы өндіріс ошақтары мен жұмыс орындарының жабылуы қала халқының әлеуметтік тұрмысына ауыр соққы болды. Кейіннен қайта іске қосылған экскавтор зауытының күші Кеңестік уақытындағыдай жоғары деңгейге жете алмады.
Кентау – Қазақстандағы машина жасау, металл өңдеу және тау-кен өнеркәсібі орталықтарының бірі. Қала экономикасындағы ірі кәсіпорындар: «Трансформатор зауыты» АҚ – еліміздегі трансформатор жасайтын жалғыз зауыт, «Экскаватор» АҚ – металл өңдеп, көлік жасайды. Барий өнімдерін, түсті металл концентраттарын өндіретін «Оңтүстік түстіметалл» АҚ-қа Кентау байыту фабрикасы, Ащысай металлургия цехы, темір жол цехы кіреді. Мақта-мата өнімдері шығарылады. «Табыс» акционерлік қоғамы, «Эластополимет» АҚ резина-техникалық бұйымдарын, «Ердес-нан» АҚ нан, тоқаш, кондитерлік бұйымдарын шығарады. Жалпы өнім жиынтығында өнеркәсіп үлесі 55%-ды (түсті металлургия – 28,8%, электр қондырғыларын шығару – 28,5%, машинажасау – 11,9%) құрайды. Кентау шаһарында 70 мыңнан астам халық бар. Ұлттық құрамы: қазақтар - 56,86%, өзбектер - 39,62%, орыстар - 2,00%, татарлар - 0,61%, әзербайжандар - 0,28%, басқа ұлт өкілдері - 0,64%. Қала алғаш құрылған кезде орыстар көптеп көшіп келді.