Жеті жыл бұрын жаңа Түркістан облысы құрылды. Бүгінде Түркістан тек облыс орталығы ретінде ғана емес, түркі әлемінің рухани мәдени орталығы болып қалыптасты.Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды жүруде.
Түркістан облында өңірдің индустриалды әлеуетін дамыту үшін «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен облыстың 100 га аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы жүзеге асып жатыр. Жоба аясында 308 млрд. теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бюджетке жылына 2 млрд. теңге салық түседі.
Бүгінгі таңда 10 ғимарат салынып, 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс оны құрылды. Мұнда су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын 3 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен бірге мектепке арналған жиһаздарды өндіретін, медициналық жабдықтар шығаратын, өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіретін, ішкі есіктер шығаратын кәсіпорындар ашылған. Осы ретте облысқа қарасты Төлеби ауданына қарасты тігін цехына арнайы пресс-тур ұйымдастырылып, журналистер қауымы кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып қайтты.
Түркістан облысы Төлеби ауданындағы тігін цехы жылына 250 мыңға тарта арнайы жұмыс формасын тігуге қауқарлы. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов жергілікті кәсіпкерлік нысандарының бірі тігін цехын аралап, жұмыс жүйесімен танысты.
Төлеби ауданында тұрғындарды жұмыспен қамту, отандық өнім өндіру және кәсіпкерлікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шағын және орта бизнес нысандары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретіні анық. Айта кетейік, кәсіпорын арнайы жұмыс киімдерінен бөлек тігін бұйымдарын жасауды қолға алған. Бүгінде цехта 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда қызметкерлер арнайы киімдер мен тұрмыстық бұйымдарды тігіп, сапалы өнім шығарып жатыр.
Жұмысшылардың орташа айлық жалақы мөлшері 120 000 теңге. Кәсіпорында жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімдері тігіледі. Мұнда тігілген формалар еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресей мемлекетіне жөнелтіледі. Аудан басшысы жұмысшылармен кездесіп, жұмыс жүйесін бақылады. Кездесу барысында кәсіпкерлік бағытындағы бастамаларға әрдайым қолдау көрсетілетінін айтып, жұмыстарына табыс тіледі.
Төлеби ауданы әкімі Еркеғали Әлімқұловтың айтуынша, жалпы өңірлік өнім көлемі 2025 жылдың 5 айында 53,1 млрд теңгеге жеткен. Оның 57,2 пайызы - өнеркәсіп, 21,9 пайызы - ауыл шаруашылығы, 18,7 пайызы - сауда және 2,2 пайызы - құрылыс саласына тиеселі.
Жалпы Түркістан облысында өндіріс орындары жыл санап артып келеді. Мәселен, Сауранда — тоқыма зауыты, Ордабасыда — сүйек өңдеу кешені, Түркістанда — салқындатқыш құрылғылар мен өзге де өнімдер шығаратын кәсіпорындар бой көтеруде.Жыл басынан бері облысқа 196,5 млрд теңге инвестиция тартылып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылуда.
Қорыта айтқанда, аймақтың басты стратегиялық мақсат ретінде алдағы жылдарға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын арттыру саналады. Дамудың басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Халықтың табысын арттыру – басты назарда. Аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібіне басымдық берудің маңыздылығы туралы ұдайы айтып келеді. Тұрақты жұмыс орнын құру арқылы тұрғылықты жұртшылықты тұрақты жұмыспен қамтып, өмір сүру сапасын арттыруға жол ашылмақ. Өңірді дамытудың әр сатысына арналған жоспар нақты көрсетілуі тиіс. Батыл қадам жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрақты жұмыспен қамту – басты назарда. Бұл – әр аудан, қала әкімінің міндеті. Негізгі мақсаттар бір құжатта нақты көрсетіліп, бекітіледі. Соның аясында жұмыс істеп, күш салу керек.