14.07.2025 в 19:36

МЕКТЕП ЖИҺАЗДАРЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНДІРІЛУДЕ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев Сауран ауданына арнайы іс-сапармен келді. Ол ауданға қарасты Шаға ауылдық округінде орналасқан және өңірдегі маңызды инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркінің жұмысымен танысты. Сапар барысында халық қалаулысы өндірістік аймақта жұмыс істеп тұрған бірқатар ірі кәсіпорындардың бүгінгі жағдайын көріп, жұмысын барысымен танысып толық ақпарат алды. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіретін «BNK Group» серіктестігінің өндірістік цехтары көрсетілді. 

 

Түркістан облысында алғаш рет бір мезгілде 32 мың гектар жерге тамшылатып суару технологиясы енгізілді. Мақташылардың басқосуында сондай-ақ салаға заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыру мен су үнемдеудің жолдары үйретілді. Түрлі тыңайтқышты тиімді пайдалану мен мақта өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы сөз болды. Халықаралық талаптарға бейімдеу жолдары талқыланды. Айта кетейік, өңірде 2025-2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру көзделген. Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық ірі жоба негізінде 4 мақта өңдеу мен толыққанды тоқыма кешені жүзеге асады.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, су ресурстары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәулетияр Алшынбайдың айтуынша, су үнемдеу технологиясы оң нәтиже көрсетуде. 

- Өткен жылдың қорытындысымен су үнемдеу технологиясы 55 мың гектарға енгізілді. Биыл тағы да 27 мың гектарға жаңадан су үнемдеу технологиясын енгізіледі. 2024 жылдан бастап су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығыстарды 80%-ке дейін субсидиялау қарастырылған. Бұдан бөлек, өткен жылы өңірде су үнемдеу технологияларын өндіретін жергілікті 3 зауыт ашылды. Жобалық құны 12 млрд теңге болатын кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73 мың гектар алқапты қамтиды. Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен Түркістан облысымен қатар, көршілес аймақтарды да су үнемдеу технологиясымен қамтуға мүмкіндік тумақ, - деді ол өз сөзінде.

Сонымен қатар, мәжілісмен «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдерімен де танысты. Бұл мекеме білім беру ұйымдарына арналған жиһаз өндірісімен айналысады. Соңғы үш жыл ішінде компания 50-ге жуық мектепті қажетті жиһаздармен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сай стандартталған жиһаздар әзірленіп, еліміздегі оқу мекемелеріне жеткізілуде. Сондай-ақ, кәсіпорын «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесе отырып, денсаулық сақтау саласына қажетті медициналық жабдықтарды да шығарады.

Зауыттың басты ерекшелігі - Қазақстандағы алғашқы роботтық технологияны қолданатын кәсіпорын. Мектептегі орын тапшылығы елімізде өзекті мәселе екені жасырын емес. Үш ауысымда лық толып тұратын мектептер мен апатты жағдайда болса да, жұмыс істеп тұрған білім ордалары бар. Жағдайы жоқ мектепте жақсы білім бола қоюы екіталай. Оқушының сапалы, заманға сай білім алуына, әлбетте, заманауи жабдықтар қажет. Дегенмен бұл мәселелер жақын арада шешіледі деген үміт бар. Бұған себеп – тікелей Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске қосылып еліміздің барлық аумағында заманауи білім мекемелері бой көтеруде. Осы тұста жауапты сала өкілдерінің құрылыс компаниялары мен жиһаз өндірушілерге қойып отырған басты талабы, құрылыс пен оқу кабинеті жабдықтарының сапалы болуы. Сондықтан бүгінде сапа мәселесін қалалық әкімдік те, білім басқармасының мамандары да бірінші кезекке қойып, жіті қадағалайды. «Aqniet Holding» кәсіпорнының өнімдері өңірде сұранысқа ие. Әрі сапасы жағынан да өте жақсы екенін тұтынушылар да растап отыр. Түркістан өңірінде “Жайлы мектеп” жобасы аясында бой көтерген біім мекемелерін қажетті жиһаз жабдықтарымен толық аталмыш зауыт қамтып отыр. Алдағы уақытта кәсіпорын тек қана өңір мектептерін ғана емес өзге де қалаларға жиһаз жеткізуді көздеп отыр. Зауыттың басты мақсаты жергілікті білім және денсаулық сақтау мекемелеріне қажетті жабдықтарды толығымен қамтамасыз ету.