11.07.2025 в 12:35

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: “АЩЫ СУДЫ” ӨНДІРУ ІСІ ТОҚТАТЫЛДЫ

Түркістан облысының прокуратурасы мен экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп, Келес, Төлеби аудандары және Түркістан қаласында үш ірі астыртын цехты анықтады. Бұл заңсыз цехтардың жұмысы тоқтатылды, нәтижесінде 31 920 шөлмек жалған алкоголь өнімі тәркіленді. Олардың ішінде «Абсолют» маркалы 12 280 шөлмек, «Skyy» маркалы 11 020 шөлмек және «Айдабульская» маркалы 8 620 шөлмек бар. Сонымен қатар, құрамында спирті бар 600 литр сұйықтық тәркіленді. Бұл өнімдердің нарықтағы құны 170 миллион теңгеден астам соманы құрайды. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 233-бабымен тергеп-тексеру басталды. 

 

Түркістан өңірінде ащы суға қарсы күрес жұмыстары аясында «Ішімдіксіз ауыл» жобасы басталып, аталмыш жобаға Түркістан облысының 30-ға тарта ауылы қолдау білдірді. Атап айтсақ, Ордабасы мен Мақтаарал ауданында - 5 ауыл, Келесте - 4 ауыл, Сайрамда - 3 ауыл, Қазығұрт, Төлеби, Сауранда - 2 ауыл, Отырар, Жетісай, Арыста бір ауыл тұрғындары спирттік ішімдік сатудан бас тартқан.

Мәселен, Сауран ауданының Нұртас елді мекенінде 1835 адам тұрады. Ауылда бір мектеп, екі балабақша бар. Тұрғындарға үш дүкен қызмет етеді. Ауыл тұрғындары құрт пен майын дайындап, мал шаруашылығымен айналысады. Төрт түлікті тіршілік еткен ауылдың қаймағы бұзылмаған. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегенді ұстанған мұндағы халық ағаш егу, сенбілікке шығу сынды істерді жасы да, кәрісі де бірлесіп атқаруды дәстүрге айналдырған.

Жалпы, облыс көлемінде ішімдікке тәуелділікке қарсы шаралар легі ұйымдастырылып, ол нәтижесін де беріп жатыр. Дегенмен, заң бұзушылар да жоқ емес. 

 «Ащы судан» бас тартқан ауылдар көп Елімізде болашақты арақсыз көруге тырысқан ауылдар саны да артып келеді. Бірнеше елді мекендегі дүкендерде ішімдік мүлдем сатылмайды. Мысалы, Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасы, яғни 1 187 адам тұрады. Қазір бұл ауылдың дүкендерінен ішімдік таппайсыз. Себебі ауыл ақсақалдары белсенді жұмыс жүргізген. Осы облыстың Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары екен. 

Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау мақсатында дүкендер мен сауда нүктелеріне тексеру жүргізіп келе жатыр. Соның нәтижесінде, өңірлердегі заңсыз ішімдіктер тәркіленіп, көлеңкелі бизнеспен күрес қарқынды жүргізілуде.

Алкогольді ішімдікпен күрес әлемнің барлық елінде қарқын алған. Адамзаттың ата жауына айналған бұл сусынның адам ағзасына келтірер зиянынан басқа пайдасы жоқ. Ішімдіктің көлемі қандай болса да, денсаулыққа зиян. Вашингтон университеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спиртті сусын қолданады. Алкоголь тұтыну болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін де зиян. Сондықтан Америка алкогольді ішімдік өндірісі мен саудасына қатаң салықтық-фискалдық жүйе енгізген. Американың бұл ұстанымын ұстанатын елдерде алкогольді өнімдерге деген салық жүгі шамадан тыс артық болғандықтан, арақ-шарап өндіру мен сату іс жүзінде тиімсіз. Сол себепті бұл өндіріс көзі сыртқы нарыққа бағытталады. Бұл үлгідегі елдер қатарына АҚШ, Канада, Мексика, Чили, Түркия жатады. Ал Қытай, Үндістан, Шри-Ланка, Въетнам, Тайланд, Корея, Непал, Оңтүстік Азия елдерінің салт-дәстүрлерінде алкогольді өнімдерді тұтынуға қарсы көптеген ескертулер болғандықтан, халық ішімдіктен мейлінше алыс. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қашан да қолдау көрсетіліп отырады. Мысалы, Қытайда ішімдікті тұтыну мөлшері жылына орташа есеппен алғанда жан басына 50 грамнан аспайды екен. Скандинавия елдерінде салауатты өмір салтын енгізу үшін мемлекет пен халық белсенді түрде іс-шаралар жүргізеді. Осы үшін мемлекет миллиардтаған қаржы жұмсайды. Яғни, салауатты өмір салтын дәріптейтін қоғамдық ұйымдарды қаржылай және саяси тұрғыдан қолдап отырады. Ал арақ-шарап өндірушілер табысының қомақты бөлігін ішімдік салдарынан туындайтын ауру-сырқауларды емдеу шараларына бөледі.