03.07.2025 в 13:26

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ТҮРІК ИНВЕСТОРЛАРЫН ТАРТУ ІСІ СӘТТІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Аймақтағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары көбеюде.

Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.

 Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас – Тәуелсіз Қазақстан сыртқы саясатының ең маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Түркия – Қазақстанды алғаш болып мойындаған елдердің бірі және екіжақты қарым-қатынас тәуелсіздік жылдарынан бері қарқынды дамып келеді. Екі мемлекет арасындағы экономикалық, дипломатиялық және мәдени байланыстар соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Түркия Қазақстан үшін сенімді серіктес және түркі әлеміндегі ең ірі стратегиялық әріптестердің бірі болып саналады.

Түркістан облысы Сауран ауданында жаңа кәсіпорындарын ашу мәселесі талқыланды.

Саурандықтар түркиялық кәсіпорындармен келіссөз жүргізді. Түркістан облысы, Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, «Жасыл Сауран» мекемесінің директоры Нұржан Бадамбаев және жеке кәсіпкерлер Түркия Республикасының Кония қаласына жұмыс сапарымен барды. Іссапардың негізгі мақсаты – шетелдік инвестиция тарту, кәсіпкерлік байланыстар орнату және аудан көлемінде өндірістік әлеуетті арттыру.

Сапар барысында делегация мүшелері Кония қаласындағы бірқатар индустриялық аймақтарды аралап, жергілікті өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар ірі кәсіпорындармен іскерлік кездесулер өткізіліп, нақты әріптестік мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, гидравликалық қысым, механикалық діріл және PLC басқару жүйесіне негізделген автоматтандырылған машиналар шығаратын «Kanat Makina San. Tic. Ltd. Şti», мәрмәр тас өңдеу жабдықтарын өндіретін «Efeşen», сондай-ақ сүт өнімдері және бал өндіруге арналған машиналар мен жабдықтар шығаратын «Türköz» компанияларымен ынтымақтастықты нығайту мақсатында келіссөздер жүргізілді. Кездесулер нәтижесінде екіжақты экономикалық байланысты дамытуға ниет білдірілді. Бұл сапар Сауран ауданы үшін жаңа өндірістік технологияларды меңгеру мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында маңызды қадам болмақ.

Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастық тәуелсіздік алған сәттен бастап даму үстінде. 1990 жылдардың басынан бастап Түркия Қазақстан экономикасына алғашқы инвестиция салған мемлекеттердің бірі болды. Бұл ынтымақтастық саяси сенім мен тарихи байланыстарға негізделіп, өзара тиімді сауда мен инвестицияны арттыруға бағытталды.

1991–2024 жылдар аралығында екі ел арасында 100-ден астам экономикалық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. 1992 жылы құрылған Қазақстан–Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясы екіжақты сауда, инвестиция және өндірістік әріптестікті үйлестіруші басты механизмге айналды.

    Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 4–5 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстан Түркияға негізінен:

— Мұнай және мұнай өнімдері

— Металл және металл бұйымдары

— Астық және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды.

Ал Түркия Қазақстанға:

— Машина жасау өнімдері

— Тұрмыстық техника

— Тоқыма өнімдері

— Құрылыс материалдары мен тағам өнімдерін экспорттайды.

Түркия Қазақстан экономикасына тікелей инвестиция құятын алғашқы ондықтағы елдердің қатарына кіреді. 2005–2023 жылдар аралығында түрік инвесторлары Қазақстан экономикасына 3,5 млрд АҚШ долл.-нан астам инвестиция салды.