Ұлытауда Металлургтер күні аталып өтті

Рейтинг
17.07.2025, 19:53
Ұлытауда Металлургтер күні аталып өтті

Ұлытау облысында Металлургтердің кәсіби мерекесі атап өтілді. Облыс әкімі Дастан Рыспеков ел игілігі үшін ерен еңбек еткен академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, байытушыларға марапаттар табыс етті. 

Іс-шара барысында Ұлытау өңірінің тау-кен, металлургия салаларында ұзақ жыл еңбек етіп, сала дамуына үлес қосқан азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. Олардың қатарында байытушылар, инженерлер, өндіріс шеберлері, сондай-ақ ардагер мамандар бар. 

Кәсіби мереке иелері «Еңбек Даңқы» ІІ және ІІІ дәрежелі төсбелгілерімен, Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен, кәсіпорынның Құрмет грамоталарымен, «Еңбек озаты» кәсіподақ марапатымен, «Кәсіподақтың құрметті қайраткері» төсбелгісімен, «Eńbek Tabysy» төсбелгісімен марапатталды.

Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде облыс әкімі металлург мамандардың ел игілігі үшін атқарып отырған қызметінің маңызын атап өтті:

«Металлургия – Қазақстан экономикасының тірегі. Бұл сала – еліміздің индустриялық қуатын айқындайтын стратегиялық бағыт. Ал Ұлытау – металлургияның тарихи мекені. Бүгінгі таңда да біздің өңір – металл өндірісінің ірі орталығы ретінде ел дамуына үлес қосып отыр. Сіздердің маңдай термен келген табысты еңбектеріңіз – халқымыздың әл-ауқатын арттырудың басты кепілі», – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков.

Атап өткен жөн, байытушылардың кәсіби мерекесі Жезқазған қаласында 18 шілде күні сағат 17:00-де «Металлург Fest» фестивалімен және 20:00-де Алашахан алаңында басталатын гала концертпен жалғасады.

Сұхбат

PhotoRoom