15.07.2025 в 11:14

Президенттің ел экономикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау: Үкімет жарты жылда ЖІӨ-нің 6,2% өсімін қамтамасыз етті

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың 6 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.

 Алдын ала деректерге сәйкес, 2025 жылғы қаңтар–маусым аралығында ЖІӨ көрсеткіші 6,2%-ға жетті. Құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларында өсу қарқыны артқан.

«Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар.
 Инвестицияларды белсенді түрде тарту түрлі салаларда аса маңызды бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды бастауға ықпал етті», 
— деп атап өтті Олжас Бектенов.

 Сонымен қатар Мемлекет басшысының Орталық Азия өңіріндегі тұңғыш суперкомпьютер кластерін іске қосқаны атап өтілді. Оны қолдану кең ауқымды цифрландыру мен ашықтықты арттырып, көптеген экономикалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.