29.06.2025 в 12:16

ШҚО әкімі шекара бөлімшесінің жабдықталуымен танысты

Тарбағатай ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ШҚО ҰҚК Департаментінің Зайсан ауданы бойынша шекара қызметіне қарасты «Қызыл» шекара бөлімшесіне барып, нысанның материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.
Шекара бөлімшесі Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ұзындығы 23,4 шақырым болатын Мемлекеттік шекараны күзетумен және қорғаумен айналысады.
Мемлекеттік шекара желісінің өтуі 2002 жылғы 10 мамырда Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында жасалған «Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекара желісін демаркациялау туралы» хаттамамен айқындалған және жергілікті жерде шекара белгілерімен белгіленген.
Шекара желісі мен шекара бөлімшесіне жақын аумақтарды бақылау мақсатында металлдан жасалған бақылау мұнаралары орнатылған.
Аумақта жазда автокөлікпен, ал қыста қарда жүретін техника және атты патрульмен жүруге мүмкіндік беретін жол желісі бар.
Облыс әкімінің айтуынша, шекара бөлімшесінің материалдық-техникалық базасын нығайту үнемі назарда болады және қажетті жағдайлармен толық қамтамасыз етіледі.
Кездесу соңында облыс әкімі шекарашыларға теннис үстелі мен үстел теннисі ойынына арналған спорттық құрал-жабдықтарды сыйға тартты.

ШҚО ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ